Мердігер мерзімін кешіктірді: Түркістан облысында мектептер жаңа оқу жылына дайын емес

05.08.2025 15:18

Мердігерлерге заң аясында қатаң шара қолданылуы мүмкін

Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы кей мектептерді жөндеу жұмысы жұрттың көңілінен шықпай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа оқу жылы таяп қалғанымен, құрылыс қарқыны бәсең. Ал уәде берген мердігерлер межелі мерзімге үлгермей жатыр. Енді оларға заң аясында қатаң шара қолданылуы мүмкін. Құрылыс алаңдарын аралап шыққан облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев салғырттыққа жол берілмейтінін кесіп айтты.

Бірақ сынмен бірге серпіліс те бар. Биыл Бәйдібек ауданында бес бірдей мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Егер құрылысшылар уақытында аяқтаса, 2000-ға жуық оқушы жаңа оқу жылын жаңартылған мектепте қарсы алады.

Түркістан облысы бойынша 2025 жылдан 2027 жылға дейінгі үш жыл ішінде 115 мектеп қайта жаңғыртудан өтпек. Олардың дені – ауылдағы білім ошақтары.

«Бұл жерде 5 мектепте 2 мыңға жуық оқушы оқиды. Күрделі жөндеу мен ағымдағы жөндеу өткеннен кейін, мектепте жайлылық, оқушыларға қолайлы болады», – деді Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Нұрпейіс Ақбаев.

Оқи отырыңыз: Қабырғасы құлаған мектеп: Қостанай облысында медігер жөндеу жұмысынан бас тартты