Аудан әкімдігі өрттен зардап шеккен тоғыз адамды уақытша қонақүйге орналастырды
Алматыда жеке тұрғын үй өртеніп, бес адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында кәмелетке толмаған бала бар. Қайғылы оқиға түнде Бостандық ауданындағы Вахтангов көшесінде болған. Өрттен зардап шеккен тоғыз адам уақытша қонақүйге орналастырылды. Ал аудан әкімдігі марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды өз мойнына алды. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өрттен бес адам қаза тапты.
Өрт туралы хабар жедел желіге таңғы сағат 03:44-те түскен. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі оқиға орнына төрт минутта жеткен. Тілсіз жауды ауыздықтауға 35-ке жуық маман мен тоғыз арнайы техника жұмылдырылды. Құтқарушылар бір сағатқа жуық уақыт ішінде өртті толық сөндірген.
Тұрғындардың бірі өртті таңғы сағат 4 шамасында байқап, отбасын оятып, үйден шығуға әрекет жасаған.
«Таңғы сағат 4-те көзімді ашсам, терезеде бірдеңе жанып жатқан сияқты болды. Тұрып қарадым, сөйтсем, өрт болып жатыр екен. Сосын отбасымды ояттым, тез-тез жиналдық. Кіретін есіктен шығайық десек, түтін басып кеткен, шыға алмайсың, демала алмайсың. Сосын терезеден шығайық деп ойладым. Киім-кешегімізді, қолда бар киімді киіп, телефондарымызды алып, терезеден түсіп кеттік», – деді қала тұрғыны Анар Тұрғанбаева.
Өрттен зардап шеккен тұрғындардың бірі әзірге үйге кіре алмай отырғанын айтты.
«Адамдар қонақүйге кеткен, қалғандарын әзірге білмей жатырмын. Мен өзім қазір осы жерде тұрмын, заттарды қарау керек қой. Қазір сараптама бітсе, керек нәрселерді алып кету керек», – деді қала тұрғыны Мейірлан Жұмабайұлы.
Қазір Вахтангов көшесінің екі жағы арнайы қызыл лентамен қоршалып, оқиға орнында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, 10 бөлмелі жеке үйде пәтер жалдаушылар тұрған. Өрт кезінде кейбірі терезеден, енді бірі дәліз арқылы сыртқа шығуға тырысқан. Алайда бес адамды аман алып қалу мүмкін болмады.
Қайғылы оқиға бес адамның өмірін қиды. Марқұмдардың екеуі – ер адам, үшеуі – әйел. Олардың арасында кәмелетке толмаған бала бар. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, адам өліміне әкеп соққан өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Өрттің шығу себебі мен адамдардың қаза болу мән-жайы анықталуда», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Аудан әкімдігі өрттен зардап шеккен тоғыз адамды уақытша қонақүйге орналастырды. Оларға заңгерлік көмек көрсетіліп, құжаттарын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ жергілікті билік дін өкілдерімен бірлесіп, марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастырмақ.
Мәди Мәлік. Ернат Болатбек. «Алматы» телеарнасы