Мектеп директорлары мен аурухана басшылары кәсіпкерлікпен айналыса ала ма

02.10.2024 18:33

Мәжіліс депутаттары заң жобасымен танысты

Қазақстанда мектеп директорлары мен аурухана басшыларына кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат берілмек. Бүгін осындай заң жобасы мәжіліс депутаттарына таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген азаматтар, яғни,  республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мектептерде, ауруханаларда жұмыс істейтін және басқару функцияларын іске асыратын адамдар бизнесін жүргізуге болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов Мәжіліс депутаттарына таныстырған құжатта осылай жазылған. Алайда бұл олар ешқандай шартсыз кәсіпкерлікпен еркін айналыса алады дегенді білдірмейді.

"Әрине, олар кәсіпкерлікпен айналыса алады. Бірақ олар ешқандай кедергі болмауы қажет", – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.

Ал депутат Мұқаш Ескендіров әуелде айтқан мектеп директорлары мен аурухана басшылары айлығының аздығын айтып, оларға жаны ашығандай сыңай танытты. Мәжілісмен заң жобасы қабылданса, жемқорлық азаятынына сенеді.

"Мемлекеттік коммуналдық мекеме басшыларының орташа жалақысы еліміздегі жұмыскерлердің орташа айлығынан аспайтыны белгілі. Ал басшылық лауазым моралдық қана емес сонымен қатар, құқықтық жауапкершілік екені мәлім. Сондықтан негізгі қызметіне қайшы келмейтін кәсіпкерлік қызметпен заңды түрде айналысу мүмкіндігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресудің тиімді шарасы болмақ", – деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің ақпарына сай Қазақстанда жемқорлық жиі тіркелетін 2 сала бар екен. Олар – білім және спорт. Айлығы орташа жалақыдан аспайтын басшылардың қатарына мектеп директорлары да кіреді. Мәжілісмен Еділ Жаңбыршин «айлықтың аздығы жемқорлық жасауға себеп емес» дейді.

Мықты заңгер «жемқорлыққа жалақының аздығы емес, ұяттың жоқтығы итермелейді» деген. Егер де жалақысы аз болса, жалақысы көп жерден жұмыс табуға тырысуы керек. Мемлекеттік қызметке келген азамат мемлекетке қызмет етемін деп келуі керек. Жалақыны аз деп айта алмаймын. Қазір едәуір жоғары", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин

Айтпақшы, жаңа норма аумақтық сайлау комиссиясының мүшелеріне, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардағы басқарушыларға қатысы жоқ.

Мәжіліс депутаттары мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген азаматтардың кәсіппен айналысуына рұқсат беретін заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады.

Өмір Серікбекұлы Нұрлан Өтегенов Дастан Темірбекұлы

Оқи отырыңыз: Алматы қуыршақ театры Грузиядағы халықаралық фестивальде үздік атанды