Мектепке дайындық: оқушы киімі мен оқу құралдары қанша тұрады

15.08.2026 09:56

Мектепке даярлық кезінде баланың керек-жарағын түгендеу дүкендерден гөрі, базарда арзанға түседі

Оқу жылының басталып, алғашқы қоңыраудың соғылар сәтіне шамамен жарты айдай уақыт қалды. Демек ата-аналар үшін баласының керек-жарағын түгендеп, мектеп формасын әзірлеу науқаны басталып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқу жылына дайындық кезінде ең маңыздысы – мектеп формасы. Қыздар үшін қарапайым жинақ, яғни, ақ жейде, белдемше мен аяқ киімге орта есеппен 19 мың 600 теңге кетеді. Ұлдар үшін де шамамен осы баға. Бірақ спорттық киім сынды керек-жарақтармен шығын көлемі 30 мыңға дейін жетеді.

«Бізде қарбалас әдетте тамыз айының басынан қыркүйектің ортасына дейін болады. Ал айдың аяғына қарай тынышталады. Оқу құралдарынан көбіне дәптерлерге сұраныс көп. Бастауыш сыныптың оқушыларына кеңсе тауарлары көбірек алынады. Ал жоғары сыныпта оқитын балалардың басым бөлігі дәптер мен қалам ғана алады», – деді сатушы Балжан Балгенова.

 Орта есеппен алсақ, бастауыш сынып оқушыларына сурет салатын альбом, бояулар, ермексаз сияқты құралдарды қоссақ, 30 мыңға жетеді. Ал жоғары сыныптағылар үшін бұл баға 2 есе төмендейді.

«Байқағанымдай, баға жыл сайын өсіп келеді. Бұрын бір балаға 100 мың теңгеге жуық ақша кетсе, қазір 150 мың теңгеге дейін жұмысаймыз.  Оның үстіне, мен барынша үнемдеп, тиімді сауда жасауға тырысамын», – деді 4-сынып оқушысының анасы Алтынай Мейрамова.

 «Бала жасөспірім болса, мектепке дайындау әлдеқайда жеңіл. Оқу құралдарын көп алмадық. Дәптерлер мен бірнеше қалам алдық, күнделікті де қазір олар пайдаланбайды. Жалпы киімге бізде 70-80 мың теңгедей кетті. Ал кеңсе тауарларына 15-20 мыңдай. Бұрынғымен салыстырғанда биыл айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен, былтыр қаламды 80-85 теңгеге алсақ, қазір 100-120 теңге болған», – деді 11-сынып оқушысының анасы Жұлдыз Бейсембаева.

Мектепке даярлық кезінде баланың керек-жарағын түгендеу дүкендерден гөрі, базарда арзанға түседі. Өйткені кей тауарлардың құнының арасында 500-1000 теңгедей айырмашылық бар. Сондай-ақ үнемдеудің тағы бір жолы – сауданы интернет-дүкендерден жасау. Ондағы тауарлар базардың бағасына қарағанда 500-700 теңгеге арзан. Бірақ кей жағдайда сапасы төмен болып, өлшемі сай келмей, жеткізу уақыты кешігуі мүмкін.

 Бекболат Сатуов, Гүлмарал Изатқызы, Әсия Серікова, Әділхан Муталяпов

Оқи отырыңыз: Алматы облысында 10 білім ошағы жаңартылып, бес жаңа мектеп ашылады

Толық көрсету