Мектептегі қыздарды акушер-гинекологтар тексеруі мүмкін

Денсаулық сақтау министрлігі ерте жүктіліктің алдын алмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мектеп жасындағы қыз балалар гинеколог дәрігердің қабылдауына баруға міндеттелуі мүмкін. Оқушылар жыл сайынғы медициналық тексерістен өткендей, арнайы маманның кеңесін алады. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі ерте жүктіліктің алдын алып, жеткіншектердің жыныстық сауатын арттырмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандардың айтуынша, мектеп жасындағы қыздардың гинеколог қабылдауына баруы - әр жасөспірімнің жыныстық дамуын қадағалап, түрлі аурудың алдын алуға сеп болмақ. Бүгінде бедеулікке шалдыққан қыз-келіншектер қатары жиілеген. Ал мұның барлығына жыныстық сауаттың жоқтығы себеп екен. Сондықтан бала кезден жүйелі тексеруден уақытылы өтіп, дәрігер кеңесін алу маңызды.

«Гинекологтың қарауына бару керек дегенді естігенде ата-анада қорқыныш сезім пайда болады. Бірақ гинеколог маман ретінде айтарым, жасөспірім кезіндегі болып жатқан өзгерістер туралы қыздар көп мағлұмат алатын болса, процесстерді түсінуі керек. Бізге келетін пациенттер «мұны ертерек білмедім» деп көп айтады», – деді гинеколог дәрігер Әйгерім Әбшекенова.

Алайда психолог Светлана Тілеуқұлова жаңашылдықты құптамайды. Оның сөзінше, мұндай қабылдаулар ерікті түрде жүргізілуі тиіс. Өйткені, әр жасөспірімнің психологиясы әртүрлі.

«Жасөспірім қызды суицидка дейін алып баруы мүмкін. Қазіргі балалар бәрін түсінеді, ер балалар мазақ қылуы мүмкін. Ол – адамның жеке мүддесі.Мектепте гинекологқа қаратып көп нәрсенің алдын ала алмайды. Денсаулық жағына келетін болсақ, ең бірінші ата-анаға жүктелуі тиіс. Қандай дәрігерге апаратынын ата-ана шешуі керек», – деді психолог Светлана Тілеуқұлова.

Министрліктің жаңа бастамасымен халықтың бірі келіссе, енді бірі бұл ата-ана мен баланың жеке құқығына қол сұғу екенін айтты.

«Мектепте гинеколог болғаны жақсы. Ешкімге ашық айтпай, ешкімге білдірмей,  қыздың өзі барып ғана тексерілілгені дұрыс. Тек 7 сыныптан жоғары болса, кішкентайлар керісінше әсер етеді», – деді қала тұрғыны

Аружан Кабдуллаева.

«Керек деп ойламын. Өйткені, біріншіден қыздар денсаулығы туралы білуі керек, өте қауіпсіз», – деді қала түрғыны Амина Жандарбекқызы.

«Балаларға жыныстық қатынас туралы ертерек айтып түсіндірсе, сауатты болар еді. Түрлі қиындыққа тап болмас еді деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Ұлжалғас Жолдыбаева.

Айта кетейік, соңғы уақытта елімізде кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілік етек жая бастаған. Ақтөбе облысында тоғызыншы сынып оқушысы босанған. Сол үшін мамандар мұндай жағдайлардың алдын алып, жасөспірімдердің денсаулығын бақылауды қолға алмақ.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Өнер мен қазақ тілі пәнін кіріктіре оқыту: Алматыда семинар өтті

Новости партнеров