Дәрігерлердің айтуынша, 3-тен жоғары болса көру қабілетін қалпына келтіру қиын
Елімізде балалар арасында көз ауруы белең алып барады. Қазақстандық офтальмологтардың мәліметінше, мектептегі оқушылардың 70-80 пайызының көзі дұрыс көрмейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балалар арасында миопия яғни, алыстан көрмеушілік жылдан-жылға артып жатыр. Мамандар мұның себебін көзге шектен тыс салмақ түсірумен байланыстырып отыр.
Көз аурулары туа бітті және жүре келе пайда болады. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда әрбір бесінші бала алыстан көре алмайды. Бұл – миопия деген сырқат. Дәрігерлердің айтуынша, 3-тен жоғары болса көру қабілетін қалпына келтіру қиын. Сондықтан өмір бойы көзілдірік тағуға тура келеді.
"Қызымды дәрігерге қаратуға алып келдім. Баланы кішкентай кезінен қарату керек екен, біраз уақыт өткізіп алдық. Телефон көрмеуіне көңіл бөлу керек", – деді қала тұрғыны Асқар Оразбеков.
Мамандар «балалардың көз жанарын сақтау үшін гаджеттерді қолдануды шектеу керек» дейді. Бұл – офтальмологтардың ұраны. Кез келген адам гаджет, телефон, компьютерді пайдаланған соң, міндетті түрде көзге 20 минуттай демалыс беруі керек. Мүмкіндік болса, таза ауаға шығып, 20 минуттай тыныққан абзал. Мұның бәрі мойын бұлшықеттерінің жазылуына, сонымен қатар, көз тамырларының босаңсуына мүмкіндік береді.
"Ең бірінші 6-7 жасында дәрігерге қаралады, жылына 1 рет офтальмологке көз өткірлігін, көз қысымын және көз түбін қарату керек. Маған 10 жастан жоғары балалар келеді. Олар көбінесе циклоскопия болып келеді, – деді офтальмолог Әзиза Жанатқызы
Дәрігерлер көз ауруын асқындырудың салдары – су қараңғылыққа әкеп тірейтінін ескертеді. Ол кезде әлемдік озық медицинаның өзі қауқарсыз болып қалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағылардың мәліметінше, әлемде әр минут сайын 1 бала, 5 секунд сайын 1 ересек адам жанарынан жоғалтады.
Меруерт Сабыртайқызы, Мирас Анитов, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Қызылордада оқушыны кеудесінен ұрып өлтіріп алған бала сотталды