Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысының айтуынша, төл тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауда ЮНЕСКО-мен өзара ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Бұл ретте Президент Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еліміздің тарихи және мәдениет ескерткіштерін енгізу үшін күш-жігер жұмсалып жатқанына тоқталды. Бұдан бөлек, «Әлем жады» тізбесіне құжат күйіндегі мұраларымызды енгізу ісі қолға алынды.
"Биыл әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз. Мерейлі даталарға орай өтетін іс-шаралар мазмұнды, тағылымды болуы керек. Халық руханиятының тағы бір маңызды қыры – сәулет өнері. Қалалар мен елді мекендер келбеті – ұлт мәдениетінің айнасы. Ұлттық архитектура, түптеп келгенде, ұлттық санаға ықпалын тигізеді. Елімізде сәулет өнерін жетік меңгерген, оны ұлттық нақышқа бейімдей алған мамандардың тұтас буыны өсіп келеді. Мұндай дарын иелеріне мейлінше қолдау көрсету қажет. Осы орайда жас сәулетшілердің арнайы байқауын ұйымдастырып, Ұлттық сыйлық тағайындауға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізді көркейту – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының мақсаты да осыған негізделгенін айтты.
"Жалпы, тазалық пен мәдениет – егіз ұғым. Мәдениеті жоғары қоғамның табиғаты да, таным-түсінігі де таза болары анық. Ұлтты өрге бастайтын қасиеттің бірі – білімге, оқуға деген құштарлық. Шерхан Мұртазаның «Мәдениеттің мәйегі – кітап» деген сөзі бар. Біз озық ойлы ел боламыз десек, ең алдымен, кітап оқитын ел болуымыз керек. Әрине, қазіргі ғаламтордың үстемдігі кезінде бұл мақсатқа қол жеткізу оңай емес, күрделі, бірақ бәріміз соған жетуіміз керек. Қазір бұл бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Жас қаламгерлерге арнайы Президент сыйлығы беріле бастады. Биыл алғаш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өттік. Халқымыз осы маңызды бастамаға барынша қолдау білдірді. Әсіресе, жастарымыз ерекше белсенді. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғаса береді", – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде соңғы жылдары ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын еске салып, бұл үдеріс саясат пен экономикадан бастап, барлық салаға әсерін тигізгеніне тоқталды.
"Ұлттық болмысымыз заманға сай өзгере бастады. Мұны реформаның тағы бір маңызды нәтижесі деуге болады. Мәдениет пен өнердің ағартушылық әлеуеті орасан зор. Бұл сала ұлт санасын жаңғыртуға ерекше ықпал етеді. Өскелең ұрпақ сіздердің туындыларыңыздан тәлім-тәрбие алады. Қоғамда жаңа этика мен құндылықтар қалыптасады. Өнер-білім арқылы жастарымыз жасампаз, жаңашыл әрі еңбекқор болып өседі. Сонда біз шын мәнінде Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Өркениетті мемлекет боламыз. Мәдениет және өнер қызметкерлері осы маңызды жұмысқа зор үлес қоса береді деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорытындылай келе, мемлекет алдағы уақытта да мәдениет өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсете беретінін атап өтті.
"Бүгін ұлттық өнердің майталманы Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі. Халқымыздың жан-дүниесін айшықтай көрсететін халық өнері әрдайым төрде болуы керек. Бұл марапат – әйгілі әншінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.