Мемлекет басшысы: Дін басшылары – гуманистік көзқарастарды ту еткен бейбітшілік елшілері

17.09.2025 14:59

Ертең жас діни лидерлердің екінші форумы өтеді

Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құрылуы мүмкін. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII cъезінде осындай ұсыныс айтты. Сондай-ақ Президент съездің «діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбындағы пленарлық сессиясына қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Астана төрінде өтіп жатқан әлемнің беделді рухани көшбасшыларының бас қосуында талқыланатын тақырыптар ауқымды. Қатысушылар жаһандық бейбітшілікті нығайтудағы діннің рөлін, діни төзімділік пен экстремизмнің алдын алу мәселелерін, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дін саласына әсерін талқылап жатыр. Съездің басты пленарлық отырысында сөзді алдымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алды. Мемлекет басшысы жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұрғанын, соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбейіп жатқанын айтты. Сондықтан алмағайып кезеңде сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек екенін атап өтті.

«Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Таяу Шығыстағы ахуалға да тоқталды. Жиынға қатысушылар осы тақырып жөнінде де ашық пікір алмасады.  Президенттің айтуынша, бұл бейбітшілік пен келісімге деген шынайы ұмтылысты көрсетеді.

Әлем жаңа технологиялық дәуірге қарыштап еніп барады. Мемлекет басшысы әдеп нормалары технологиялық прогрестің жоғары қарқынына бейімделіп үлгермей жатқанын жеткізді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынды.

«Жасанды интеллект еліміздің қарқынды дамуына жол ашады. Әйтсе де этикалық нормаларды сақтаудың маңызын жақсы түсінеміз. Сондықтан бұл бағытта кеңінен ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынамын. Ол нейрожелілер мен басқа да серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттарын әзірлеумен айналысады», – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев форумның бір топ қатысушыларына мемлекеттік наградаларды табыстады.

Айта кетейік, діни жиынға әлемнің 60 елінен 100-ден астам делегация қатысып жатыр. Олардың қатарында түрлі діннің лидерлері, халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері бар. Съезд екі күнге жалғасады.

Ертең жас діни лидерлердің екінші форумы өтеді.

Оқи отырыңыз: Ядролық қақтығыс қаупі қатты алаңдатады — Мемлекет басшысы