Мемлекет басшысы: дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді
Президенттің сөзінше, келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетін арттыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің сөзінше, келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Бұл Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталған. Жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға бағытталған.
Мемлекет басшысы Үкіметке қолға алынған жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын бақылауды тапсырды.
Президент Қазақстанның барлық өңірін байланыстыратын заманауи теміржол және автомобиль жолдары желісін қалыптастыру стратегиялық міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жүк тасымалының жыл сайын артуына байланысты жол инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажет.
Осыған орай, «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту жұмысына кірісу міндеті қойылды. Сондай-ақ Қазақстан арқылы жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерді қолдау және автомобиль транзиті саласын ретке келтіру қажеттігі айтылды.
Президенттің айтуынша, негізгі мақсат – елдің жол инфрақұрылымының әлеуетін нығайтып, азаматтардың табысын арттыру.