Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен Ата Заңды қабылдауға арналған жиынға қатысты
Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен Ата Заңды қабылдауға арналған жиынға қатысты. Салтанатты рәсімнен кейін сөз сөйлеп, Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енетінін, бұл күннің мемлекеттік мереке ретінде 15 наурызда тойланатынын жеткізді. Ал парламент сайлауы жаңа сессияның ашылуына дейін өтеді. Президент мемлекет тағдырына бей-жай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, Ата заңды қолдап дауыс берген жұртшылыққа ризашылығын білдірді. Президент сондай-ақ жастардың да ерекше белсенді болғанын атап өтті.
«Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі. Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнамасының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің сапасы және мазмұны ерекше бірегей кезеңіне аяқ бастық», – деді Мемлекет басшысы.
«Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін». Осылай деген Президент алда қазіргі билік институттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұрғанын айтты. Мемлекет басшысы көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізілетінін жеткізді. Сонымен қатар, сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет.
Мемлекет басшысы елімізде алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатынын жеткізді. Парламент осы сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек деп баса айтты. Қасым-жомарт Тоқаев «Жаңа Конституцияның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі» деп сөзін түйіндеді
«Әділдік қағидаты бас құжаттың өзегіне айналды. Сондықтан жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз. Мен ел Президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін». – деді Президент.
Оқи отырыңыз: Конституцияда адам құқығы мен бостандығы ең жоғары құндылық ретінде айқындалған