Мемлекет басшысы: Елімізде табысты бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасалған

05.12.2025 14:22
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде елдегі кәсіпкерлерге жасалған қолдауды шетелдік бақылаушы мен маман мойындап отырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Креативті индустрия секілді жаңа секторларды дамыту арқылы экономиканың көкжиегі кеңейеді. Халықаралық қаржы институттарының есебіне сәйкес, аталған сегмент әлем бойынша жыл сайын 2 триллион доллардан аса табыс әкеле алады, сондай-ақ 50 миллионнан астам жұмыс орнын ашуға қауқарлы.

Бірқатар дамыған елде, мәселен, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Корея Республикасында креативті индустрия ішкі жалпы өнімнің 2-ден 7 пайызға дейінгі көлемін қалыптастырады. Сарапшылардың бағалауынша, креативті индустрияға салынған әр доллар қосылған құнның 2,5 долларын құрайды.

Қазақстанда креативті индустрияны өркендетуге айтарлықтай әлеует бар. Біздің жастарымыз өте шығармашыл, олардың мінезі де, менталитеті де соған сай келеді. Алайда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі бұл сектордың үлесі 1 пайыз ғана"- деді Президент.

Президент Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті.
 

"Соңғы жылдары бәсекелестіктегі артықшылықтарымызды толық ашуға, экономикалық өсімнің тың мүмкіндіктерін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға бағыт алдық.

Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр. Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын айттым. Өйткені инфляция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуға тиіс.  Ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмей келеді.

Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды", - деді Мемлекет басшысы.

"Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды" деген Қасым-Жомарт Тоқаев биыл "Парыз" байқауына қатысушылар түрлі қайырымдылық шараларға 37 миллиард теңгеден астам қаржы салғанын атап өтті.

"Бұл отандық бизнестің қоғам игілігі үшін аянбай адал қызмет етуге дайын екендігін көрсетеді.  Осында отырған әр азаматтың туған елге деген ықылас-пейілі жас кәсіпкерлерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Сіздерге тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін! Кәсіптеріңіз алға баса берсін! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!" -деді Мемлекет басшысы.