Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі
Президент қоғам мүшелерінің тілге қатысты түрлі бастамалары мен жобаларын жоғары бағалап, әрқайсысына ризашылығын білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында ана тілінің қоғам мен мемлекет өміріндегі маңызына тоқталып, қазақ тілінің мәртебесін нығайту бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент жиынның маңызына тоқталып, ана тілі мәселесі мемлекеттік, саяси және ұлттық деңгейдегі өзекті тақырып екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда тіл мәселесі әлемде де ерекше маңызға ие болып отыр.
Мемлекет басшысы құрылтай барысында мазмұнды пікірлер мен ұтымды ұсыныстар айтылғанын жеткізіп, олардың барлығын мұқият зерделеп, алдағы жұмыста ескеру қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының ел тарихындағы орнына да ерекше назар аударды. 1989 жылы көрнекті ғалымдар, академиктер Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған ұйымның мемлекеттік тілдің тұғырын нығайтуға қосып келе жатқан үлесін атап өтті.
Президент қоғам мүшелерінің тілге қатысты түрлі бастамалары мен жобаларын жоғары бағалап, әрқайсысына ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы тілдің адамзат өркениетіндегі орнына тоқтала келе, оны баршаға ортақ құндылық әрі адамзат дамуының басты негіздерінің бірі деп атады. Сондай-ақ Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қанатты сөзін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазақ тілінің абырой-беделін арттыру – барша азаматқа ортақ міндет. Бұл бағытта қоғам болып табанды жұмыс істеу қажет.
«Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы», – деді Мемлекет басшысы.