Президенттің айтуынша, аймақтағы автокөлік жолының сапасы жақсы жағдайда екенін айтты
Сыр бойы нағыз еңбек адамдарының мекені. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көп бейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі».
Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатқанын айтты.
"Былтыр аймақтың жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. 3 жылда облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығының іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу электр орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі, облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, аймақтағы автокөлік жолының сапасы жақсы жағдайда екенін айтты.
"Облыстық әуе және теміржолы жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата терминалының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 теміржол бекетін жаңғырту басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі", — деді Президент.
Оқи отырыңыз: Қызылордада Ұлттық құрылтайдың V отырысы басталды