Мемлекет басшысы Вашингтонда отандастарымызбен кездесті

19.02.2026 09:18

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа үлкен үміт артатынын айтты

Вашингтонда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарында тұратын және білім алып жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға жұмыс сапары Америка Құрама Штаттарында тұрып, білім алып жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесуден басталды.

Президент жастармен еркін әңгімелесіп, оларға үлкен үміт артатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан жастарға әрдайым қолдау көрсетілетінін, олардың жан-жақты дамуына және қабілет-қарымын шыңдауға барлық қажетті жағдай жасала беретінін жеткізді.

«Жастарға ешқандай тосқауыл жоқ, ешқандай кедергі жоқ. Әрқашанда айтып жатырмын, жастарға сенемін!. Біздің болашағымыз жастарда!» – деді Мемлекет басшысы.

 

Кездесуге қатысқан отандастар Мемлекет басшысының келуі олар үшін ерекше қуаныш болғанын жасырмады. Олар Президентпен жүздесіп, ашық пікір алмасудан ерекше әсер алғандарын атап өтті. Сонымен қатар шетелде білім алып жүрген жастар алған білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсап, Қазақстанның дамуына үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

«Президентпен сөйлескен кезде ғылыми тағылымдаманың қандай жағдайда өтіп жатқанын, қандай жақсы жақтары, қандай мүмкіндіктер бар екенін айтты. Қазақстанда жасап жатқан реформалардың жемісі деп санаймын. Ғылыми тағылымдамадан, магистратурада, доктарантурада оқып жүрген жерлестеріміз туралы ақпарат сұрады», – деді «Болашақ» бағдарламасының студенті Талғат Ақажанов.

. «АҚШ-та алған тәлім-тәжірибемді болашақта өзімнің мемлекетіме оралғаннан кейін қолданамын.һ және де өзімнің мемлекетімнің осы саладағы дамуына үлесімді қосамын, үміттенемін және де сенемін», – деді  «Болашақ» бағдарламасының студенті Айгерім Ибраева.

Айта кетейік, бұдан бөлек жүздесуде Президент жаңа Конституция жобасына айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы наурыз айында өтетін жалпыхалықтық референдумның ел болашағы үшін тарихи маңызы зор деді. Президент референдум әр азаматтың пікірін ескеріп, халықтың таңдауына негізделетін маңызды қадам екенін жеткізді.

Оқи отырыңыз: Президент Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады