«Мемлекет берген несиеге салынған кәсіпорындар банкрот болудың алдында тұр». Бүгін Мәжіліс депутаттары Үкіметке осылай деп үн қатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Депутаттар Бозымбаевтан аймақтағы ағайыннан келген өтініштер бойынша атқарылған шаруаның есебін сұрады. Биыл өңір-өңірді аралаған халық қалаулылары мыңға тарта мәселені жинап келіпті. Мәжілісмен Ермұрат Бапи отандық тауар өндірушілер туралы өткір сауал көтерді. Айтуынша, мемлекет берген несиеге салынған кәсіпорындарды қолдау саясаты қағаз жүзінде қалып отыр.
«Бюджеттің есебінен мемлекеттік қаржыға салдырып, ол кәсіпорындарды нарыққа лақтырып жібереміз. Мәселен, «Даму» және басқа да қорлардың көмегімен салынған ет комбинаттары мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан жартылай мүмкіндікте ғана жұмыс істеуде. Есесіне нарықты Ресей мен Беларусьтің азық-түліктері жаулап алған. Ит өлген, ит емес-ау кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз. Ал біздің өндіріс тоқтап тұр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи.
Премьер-министрдің орынбасары депутаттың сұрағына бір сөзбен жауап беру қиын дейді. «Көтерілген сауал экономикалық күрделі мәселе» деген Бозымбаев «біздің отандық тауар өндірушілер ішкі нарықта бәсекеге сай болса, кәсіпорындар неге тоқтатылады?» деп сұраққа сұрақпен жауап берді. Десе де, Үкімет тарапынан отандық тауар өндірушілерді қолдау жалғаса беретінін жеткізді.
«Сүтке қаншама субсидия беріліп жатыр? Бірақ «100 пайыз ішкі нарықты қамтамасыз етті» деп айта алмаймыз. Әлі де болашақта көп жұмысты қолға алу керек. Тиісті жоспар бар», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Ауылдағы шаруалардың күйін күйттеп жүрген Жигули Дайрабаев Үкіметтің агроөндірушілер алдындағы субсидия берешегі 287 миллиард теңгеден асып кеткенін айтып дабыл қақты. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінде қарызды өтейтін қаражат жоқ. Ал субсидияны төлеуге Қаржы министрлігі мен облыс басшылары жауапты деген Дайрабаев «мәселені шеше аласыз ба?» деп Қанат Бозымбаевтан тіке сұрады.
«Маңғыстау мен Ұлтау облысы төлеп тастады. Ешқандай қарыз жоқ. Аталған берешекті өтеуге арналған жол картасы Үкімет тарапынан әзірленеді ме? Егер ол әзірленсе, қашан әзірленеді? Осыған бір басым бағыт беріңізші, Қанат Алдабергенұлы. Сіз аралассаңыз, мәселе шешіледі деп ойлаймыз», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев.
«Соңғы екі жылда бюджетте қаржы тапшылығы болған. Жақсы білесіздер. Жасыратын ештеңе жоқ. Осы жылы тиісті бюджеттің кірістері соңғы екі айда орнына келіп отыр. Осы жылды дұрыс жабамыз, келесі жылдың бірінші кварталда берешектң өтейтін боламыз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Аймақтардың жұмысын үйлестіретін Үкімет басшысының орынбасары алдына келіп отырғаннан кейін депутаттар аянып қалмады. 2 сағаттан астам уақыт сұрақтың астына алды. Денсаулық, жер, жол, кадр мәселесі де көтерілді. Алайда Бозымбаевтың берген жауабына депутаттардың да, Мәжіліс спикер Ерлан Қошановтың да көңілі толмады. Ол жауаптарын «сырғытпа, жалпылама деп» жақтырмады. Соңында келесі жолы нақты нәтиже күтеміз деп тарқады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан