Мемлекетке қайтарылған жердің дені бос жатыр - депутаттар дабыл қақты

Салада күрмеуі шешілмеген мәселенің бірі – білікті кадрлардың тапшылығы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Мемлекетке қайтарылған жердің дені бос жатыр». Мәжіліс депутаттары осылай дабыл қақты. Ауыл шаруашылығы вице-министрі кейінгі 3 жылда қайтарылған 13,2 миллион гектар жердің 6 миллионы халыққа берілгенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv

Бір жыл бұрын қабылданып, 50 нормаға өзгеріс енгізілсе де, «Жайылымдар туралы» заң әлі күнге дұрыс жұмыс істемей отыр. Төменгі палата депутаттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерін сұрақтың астына алды. Вице-министр Азат Сұлтановтың жинақы жазылған есебі шаруалардың жайын күйттеп жүрген Жигули Дайрабаевтың көңілінен шықпады. Депутаттың айтуынша, мемлекетке қайтарылған әр жер телімін тиянақты пайдалану қажет.

«13 миллион гектар жер қайтарылды» дедіңіздер. Оның 3,9 миллион гектары ғана жұмыс істеуге берілді. Кімнен тартып алып жатырсыздар? Кімнен тартып алайын деп жатырсыздар? Сіздер кәдімгі «социалистік  жаршысы» құсап, кірісіп кеттіңіздер. Менің түсінігім бойынша алынған жер тиянақты жұмыс істеуі керек.  Төрттен бірі ғана, сіздер бес-алты жыл бұрын жерді алдыңыздар?» – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев.

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің дерегінше, елімізде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі 8,4 миллион гектардан 4,3 миллион гектарға дейін азайған. Осы тұста депутат Аманжол Әлтаев нақты қай өңірлерде өріс тапшылығы байқалатынын сұрады.

«Қазіргі уақытта 4,3 миллион гектарды құрайды. Ең көбі Маңғыстау облысында – 2,4 миллион гектар. Түркістанда 539, Жетісуда 470, Атырау облысында 760 мың гектар өріс тапшы», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Мәжілісмендер Ауыл шаруашылығы министрлігінен жер ресурстарын бақылауға арналған «жер инспекторы платформасының» қалай жұмыс істеп жатқанын сұрады. Алайда ведомство өкілі нақты жауап бере алмады. Өйткені цифрлық жүйе Цифрлық даму министрлігіне тиесілі. Дәл осы тұста аталған ведомство өкілінің мәжілістің шақыртуын елемей, отырысқа келмегені анықталды.

«Тәртіп болмаған жерде іс те болмайды. Тәртіптен басталды. Комитетке хат жолдау керек. Жоспар бойынша жазылған, хат жазып, министрге жолдау керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов.

Салада күрмеуі шешілмеген мәселе көп. Соның бірі – білікті кадрлардың тапшылығы. Кең байтақ даламызда 180 миллион гектардан астам жайылым болса, оның жартысынан көбі толық және тиімді пайдаланылмай отыр. Өйткені оларға ғылыми зерттеу жүргізіп, бағыт-бағдар беретін мамандар аз, тіпті кейбір өңірде мүлдем жоқ. Профессор Ғани Ыстыбаевтың айтуынша, түлектер грант көп бөлінген бағыттарды тандайды. Ал ауыл мектептерінде биология, химияны оқытатын ұстаздар санаулы көрінеді.

«Осының салдарынан жайылым және шалғын шаруашалығы саласына жаңа буын мамандары келмей отыр. Ал қазіргі сала мамандары басым бөлігі зейнет жасына жақындаған. Бұл болашақта кадр тапшылығы күрт ушықтыруы мүмкін», – деді С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу институтының профессоры Ғани Ыстыбаев.

Мемлекет басшысы жолдауында мал жаятын жерлерге шаруалардың қолы жетпей жүргенін, өйткені алқаптарды бәзбіреулердің иеленіп алғанын айтып, Үкімет пен құзырлы органдарға батыл шаралар қабылдауды тапсырған. Былтыр қабылданған «жайылымдар туралы» заң да осы олқылықтарды жоюға бағытталған. Мәжілісмендер алдағы уақытта заңға тағы да толықтырулар енгіземіз деп тарқасты.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Заң және тәртіп: Бостандық ауданы тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетілді

Новости партнеров