Елімізде медицина қызметкерлерінің саны артты

Денсаулық сақтау саласында 275 мың қызметкер жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы 3 жылда елімізде медицина қызметкерлерінің саны артқан. Ресми мәліметке сәйкес, денсаулық сақтау саласында шамамен 275 мың қызметкер жұмыс істейді. Оның 83 мыңнан астамы  дәрігер, ал 191 мыңға жуығы орта буын мамандары. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Десе де, кейбір мемлекеттік ауруханалар мен емханаларда кадр тапшылығы әлі де бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша дәрігерлерге деген қажеттілік 4 мың маманды құраған. 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 20 пайызға азайған.

«Соңғы 3 жылда біз медицина қызметкерлерінің тұрақты түрде өсіп келе жатқанын байқаймыз. Дәрігерлер саны 2%-ға, орта медицина қызметкерлері 0,5%-ға артты. Бүгінде елдегі медицина мамандарының саны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің орташа көрсеткішінен жоғары. Бұл - жүргізіліп жатқан кадр саясатының оң нәтижесі», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Былтыр елімізде медициналық жоғары оқу орындарын 10 мыңнан аса түлек аяқтап, салада рекордтық көрсеткіш тіркелген. Ал биыл бұл сан 11 мыңнан асады деп күтілуде. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, түлектердің үштен екісі өңірлердегі сұранысқа сәйкес, ел ішіндегі медициналық мекемелерге жолданады. Сонымен қатар алдағы жылдары ақылы оқуға қабылдау біртіндеп қысқарып, оның орнына мемлекеттік гранттар саны көбеймек. Вице-министрдің сөзінше, бұл жүйе студенттерді сапаға қарай іріктеп, медициналық білімнің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырады.

 «Айта кету керек, 2023 жылдан бастап медициналық кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы өңірлердің нақты қажеттілігіне қарай бөлініп келеді. Яғни, грант қай өңірдің сұранысы бойынша берілсе, түлек міндетті түрде сол жерде жұмыс істеуі тиіс. Бұл жүйе биыл да сақталған. 2025 жылы резидентураға бөлінген 2500 грант өңірлерден келген нақты өтінімдерге сәйкес үлестірілген», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Оқи отырыңыз: Мемлекетке қайтарылған жердің дені бос жатыр - депутаттар дабыл қақты

Новости партнеров