Мемлекеттік құпияға жаңа талап: енді шетелге шығуға шектеу күшейеді

Мәжіліс мемлекеттік құпияны қорғау туралы заңға өзгеріс енгізді

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді мемлекеттік құпияға жауапты тұлғалар рұқсатсыз шетелге шықса, жазаға тартылады. Қолданыстағы заңға сай, жасырын мәліметке жауапты мамандар шекара асса, тиісті органдарға ол туралы айтуы керек. Алайда құжатта жазылған ережені елемейтіндер көп екен. Сондықтан төменгі палата арнайы құжатты мақұлдап, әкімшілік жауапкершілікті күшейтпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тарауына аз қалған төменгі палата бүгін маңызды екі заңға өзгеріс енгізді. Алдымен мемлекеттік құпияларды қорғауды күшейтетін құжатқа тоқталсақ, енді Қазақстанға қатысты жасырын мәліметті білетін тұлғалар қалаған уақытында шетелге аттап баса алмайды. Мәжілісмендер цифрлық дәуірде жеке деректер қолды болып жатқанда, мемлекеттің сыры жария болып кете ме деп алаңдайды. Сондықтан құпия дерекке жауапты тұлғалар тиісті органдарға әр қадамын айтып отыруы керек. Егер олар заңды елемесе, 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды. Ережені тағы бұзса, тәртіптік жазаға тартылып, тіпті жұмыстан қуылуы мүмкін. Депутат Болат Керімбек жасырын мәліметке жауапты мамандардың еш ескертусіз жиі шекара асатынын біледі. Тек олардың нақты санын айта алмаймын дейді.

«Мұндай фактілердің жиілеп кетуіне байланысты жаңа нормалар енгізілуде. Мәселен, алғашқыда ескерту жасалғанымен, кейін тағы да тиісті органдарға хабарламай шетелге шығып кететін жағдайлар кездеседі. Қазіргі қолданыстағы заңда мұндай заңбұзушылықтар үшін айыппұл салу сияқты нақты шара қолданатын норма қарастырылмаған. Сондықтан біз заңды қайталап бұзғандарға қатысты жауапкершілікті күшейтіп, айыппұл мөлшерін арттыратын арнайы нормаларды енгізіп жатырмыз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек.

Мәжіліс қараған тағы бір мәселе – енді экстремистік және террористік материалдарды сақтағандар да жазасыз қалмайды. Бұған дейін мұндай сарындағы кітаптарды таратуға, басып шығаруға, әзірлеуге заң тыйым салатын. Енді бұл санатқа үйінде дәл осындай әдебиеттерді сақтайтындар да қосылады. Осы тұста депутат Абзал Құспан батыс аймақтарда көптеген діни топ өкілдері жекеменшік балабақшалар ашатынын айтып, Ұлттық қауіпсіздікке жауапты комитет өкілінен «білім беру мен тәрбие саласында тексеру құзыретін кеңейту қажет деп есептемейсіз бе?» деп төтесінен сұрады.

«Ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерге қоғамдық, саяси, әскери, экономикалық, ақпараттық және экологиялық қауіп-қатерлер жатады. Қоғамдық қауіпсіздікке жалпы құқықтық тәртіп жатады. Ол отбасынан бастап, балабақша мен мектептер деңгейінде алдын алу шараларын қамтиды. Үйлестіру кеңестері мен түрлі штабтарда уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, тиісті шаралар әзірленеді», - деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Алмас Наймантаев.

Төменгі палата мақұлдаған тағы бір құжатқа сай, енді полицейлер ғана емес, Мемлекеттік күзет қызметі де әкімшілік хаттама толтыра алады. Түсіндіре кетейік, егер олар Мемлекет басшысы баратын нысан аймағын күзетіп тұрғанда немесе өзге мемлекеттің Президенті елімізге келгенде, сондай-ақ Конституциялық қорғауға жататын тұлғаларды қорғау барысында кедергі келтірген азаматтарға хаттама толтыруға құқылы. Айта кетерлігі, Мемлекеттік күзет қызметі айыппұл тағайындамайды. Шешімді сот шығарады.

«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мамандар алдын ала тиісті бағыттарды (маршруттарды) тексереді. Осы барыста, мәселен, белгілі бір тұрғын үйдің ПИК (КСК) өкілдерін шақырып, шатырға шығатын есіктер мен басқа де өтпе жолдарды жабу туралы нұсқама (предписание) береді. Егер жауапты тұлғалар бұл талаптарды орындамаса, бұрын міндетті түрде полиция шақыртып, хаттама толтырып, істі сотқа жолдау қажет болатын. Ендігі кезекте осы құқықбұзушылық бойынша хаттама толтыру құзыретін тікелей мамандардың өздеріне бердік», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков.

Депутаттар қос құжатқа енгізілетін өзгерістерді жарты сағаттың ішінде талқылап, мақұлдады. Отырысқа қатысқан 90 мәжілісменнің тек біреуі ғана Мемлекеттік күзет қызметінің әкімшілік хаттама толтыруына қатысты өзгеріске келгенде қалыс қалды. Алда екінші оқылым бар.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Түркістанда әкесін өлімші етіп ұрып-соққан ер адамның жазасы ауырлады

Новости партнеров