Мемлекеттік қызметке кіру тәртібі жеңілдеді

05.06.2026 15:39

Дархан Жазықбайдың сөзінше, мұндай бастамалар жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған

Алматы жастарына мемлекеттік қызмет атқарудың жаңа мүмкіндіктері таныстырылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жұмыс сапарымен оңтүстік астанаға келіп, Сәтбаев университетінің студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жиында мемлекеттік қызметке кірудің жаңартылған тәртібі, мансаптық даму жолдары мен кадрлық резерв жобалары түсіндірілді. Дархан Жазықбайдың сөзінше, мұндай бастамалар жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған. Еркін форматта өткен кездесуде студенттер Агенттік төрағасына сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтарға қызығушылық білдірді.

«2024-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бар. Соған сәйкес,заңға өзгерістер енгізілді. Мемлекет жастарға беретін үлкен мүмкіндігі бар, GPA көрсеткішімен жоғары оқу орнын бітірген түлектер ауылдық, аудандық және облыстық маңызды қалаларға конкурссыз, тест тапсырмастан тікелей барып, тағайындалуға мүмкіндік алады», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай.  

Оқи отырыңыз: Qamqor sos: Қонаевта цифрлық жедел медициналық көмек пункті іске қосылды