Мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа мансаптық өсу тетігі енгізіледі

25.05.2026 13:59

Аталған заңда сайланатын лауазымды тұлғаларды мемлекеттік қызметшілердің бөлек санатына жатқызу қарастырылған

Depositphotos.com

Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері үшін көлденең мансаптық өсу тетігі қолданылады. Мұны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Енді қызметкерлер тек жоғары лауазымға тағайындалу арқылы ғана емес, бір лауазым шеңберінде лауазымдық деңгейін көтеру арқылы да мансаптық ілгерілеуге мүмкіндік алады. Жалақы мөлшері осы деңгейге байланысты белгіленеді.

"Мемлекеттік қызметі туралы» заңда «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілері үшін бір лауазым шеңберінде көлденең өсу тетігі көзделген. Атап айтқанда, олардың лауазымдық жалақысының мөлшері лауазымдық деңгейге тәуелді болады", — деді Ербол Жолданғар Астана қаласы коммуникациялар қызметінің алаңында.

Сондай-ақ аталған заңда сайланатын лауазымды тұлғаларды мемлекеттік қызметшілердің бөлек санатына жатқызу қарастырылған. Осы санаттағы қызметкерлердің құқықтық мәртебесінің ерекшеліктері ескеріліп, арнайы оқыту курстарынан өту тәртібі белгіленеді.

"Олар ротациядан, уақытша басқа орынға жіберілуден және тәлімгерліктен босатылады. Сонымен қатар мұндай қызметкерлерді тәртіптік теріс қылықтары үшін қызметтен босату тек мәслихат шешімі негізінде жүзеге асырылады", — деп толықтырды ол.

Оқи отырыңыз: ШҚО-да заңсыз алтын қазған бір топ адам ұсталды