Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі: Алматыда республикалық семинар өтті
Жиында өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгерудегі озық тәжірибелері мен оқытудың тиімді әдістері талқыланды
Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің берік негізі. Ал оны қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолдану – ортақ міндет. Осы мақсатта Алматыда «Қазақстандық азаматтық бірегейлік: бірлікті және қоғамдық келісімді нығайтудағы мемлекеттік тілдің рөлі» тақырыбында республикалық семинар өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген бастамаларды талқылауға арналды. Жиында көпэтносты қоғамда ортақ құндылықтарды қалыптастыру, мемлекеттік тілді этносаралық байланысты нығайтудың тиімді құралы ретінде пайдалану мәселелері қозғалды. Сондай-ақ өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгерудегі озық тәжірибелері мен оқытудың тиімді әдістері талқыланды.
«Мемлекеттік тіл – қоғамды біріктіретін басты құндылықтардың бірі. Қазақ тілінің мәртебесі елімізде ғана емес, шетелде де, халықаралық деңгейде де артып келеді. Басты міндеттердің бірі – мемлекеттік тілді меңгеруге ықпал ету. Өйткені, қазақ тілі баршамызды ортақ шаңырақ астына біріктіретін құндылық болуы керек», – деді «Дүнгендердің қазақстандық этномәдени бірлестігігі» РҚБ төрағасы Зайнуддин Махусеев.
«Астанада Құрылтайда болдым. Сол жерде Президентіміз де бұл мәселені жоғары деңгейде деп бағалады. Себебі, 71 пайыз мектебіміз бар. Сонымен балаларымыз да жақсы сөйлейтін болды. 130 ұлт өкілі болсақ та, мемлекеттік тіл дамып келе жатыр», – деді педагогика ғылымдарының докторы Римма Мәсірова.
Оқи отырыңыз: Ғылым мен бизнес бірлескен бастама: Алматы қалалық грант иегерлері қандай өзекті мәселелерді шешпек