Мерейтойға тарту: 1922 жылғы Абайдың кітабы қайта жарық көрді

31.07.2025 16:07

Қызылорда облыстық кітапханада сақталған мұра араб тілінде шыққан

Қызылордалық өлкетанушы хәкім Абайдың бір ғасыр бұрын басылған өлеңдер жинағына жан бітіріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл жинақты 1982 жылы Мыңата Қалдыбаев деген кісі музейге сыйға тартыпты. Төте жазуды сол уақытта ешкім түсіне қоймаған соң, мұра біраз жыл бойы архивте шаң басып жатқан көрінеді. Қордағы құнды құжаттарды зерделеген музейдің ғылыми хатшысы жәдігерді зерттеу мақсатында ғалымдардың талқылауына тастайды. Осыдан кейін ғана, жинақтың Хәкім Абайдың өлеңдері екені белгілі болған.

«Бұл – 1922 жылы «Қазан» баспасынан шыққан Абайдың ең алғашқы өлеңдер жинағының біреуі. Арнайы баспаханадан шыққандығымен ерекшеленеді. Бұл кітаптың алдыңғы және соңғы беттері жыртылған. 39-беттен бастап «Мағзұт» поэмасы бар», – деді өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы.

Ақынның мұралары алғаш рет 1909 жылы кітапқа басылды. Тарихқа көз жүгіртсек, өлеңдерді қағаз бетіне түсіруді Кәкітай Ысқақұлы Мүрсейіт молдаға тапсырғанын білеміз. Мүрсейіт жинақтаған туындылар саны 5 дәптерге жеткен деген дерек бар. Ол Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен ең алғаш Санкт-Петербордағы баспада басылған. Ал «1922 жылы жарыққа шыққан бұл жинақ алғашқы кітаптың толықтырылған нұсқасы» дейді ғалымдар. Өлкетанушы жинақты бір ай шамасында тәржімалап шыққан. Кітап ескі араб алфавитімен жазылғандықан аударма жасау кезінде қиындық болған.

«Кітап негізі 13 бөлімнен тұрады. Оларды «өзім туралы», «халық туралы», «жыл мезгілдері» деген сияқты бөлімдерге бөлген. Ең соңғы бөлімде орыс ақындары Пушкин, Лермонтов, Крыловтан аудармалар жарияланған. Жинақтардан ерекшелігі  Абайдың қара сөздері жоқ», – деді Жұмабай Байзақұлы.

 Абай Құнанбайұлының тұңғыш толық жинағы 1933 жылы Сыр өңірінде басылып шыққан. Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен жарық көрген кітап латын қарпінде терілген. Тұпнұсқа «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музейінде. Мұнан бөлек ұлы ақынның тағы бірнеше тұпнұсқасы сирек кітаптар қорында сақтаулы.

«Облыстық кітапхананың сирек кітаптар қорында Абай Құнанбайұлының 1933-1958 жылдар аралығындағы 9 кітабының түпнұсқасы сақталған. Соның ішінде біреуі қазақ тілінде, бесеуі орыс тілінде, қалған үшеуі латын қарпінде жазылған», – деді кітапханашы Ақмарал Серікбаева.   

Абай мұрасы - ұлттық әдебиет пен мәдениеттің мәйегі. Абай өлеңдері –жинақталған кітап облыстық музейдегі ең құнды жәдігердің бірі. Ал аударма жұмыстарын аяқтаған өлкетанушы өлеңдер топтамасын жуырда қайтадан басып шығарған. Енді оны ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай тарту етпек.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: 540 тонна өнім: Түркістаннан Абай еліне керуен жолға шықты