Мемлекет басшысы көрнекті ақын, Қазақстанның Еңбек Ерінің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады
Қазақ әдебиеті орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Шындықтың шырақшысы, қаламын қару еткен қайраткер, жазушы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы көрнекті ақын, Қазақстанның Еңбек Ерінің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда Президент Мұхтар Шахановты ғибратты ғұмырын қасиетті сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген бірегей тұлға ретінде атап өтті. Әрдайым тіл тағдырына алаңдап, ұлт руханияты жолындағы игі бастамалардың алдыңғы қатарында болғанын жеткізді. Сонымен қатар шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылып, отты жырлары оқырман жүрегінен орын алғанын да тілге тиек етті.
«Өнегелі өмір сүріп, артында бай әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады», – делінген Мемлекет басшысының көңіл айту хатында.
«Шаханов»Лениншіл жастың» 2 номеріне шығып, бірден қазақ поэзиясының көгінде жұлдыз болып жарқыраған. Оның поэзиядағы мектебі, соңынан ерткен шәкірттері көп. Сонымен бірге біздің руханиятымызға, жалпы қазақтың қазақ болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген бір адам болса, ол – Шаханов», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.