Министр Алматыдағы ХҚКО жұмысымен танысты: цифрландыруға басымдық берілді

20.03.2026 17:57

Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметтер онлайн форматты дамытуға басымдық беру қажеттігін айтты

t.me/gov4c_resmi

Алматыға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев келді. Сапар аясында ол Медеу ауданындағы ХҚКО жұмысымен танысып, Apple Store үлгісіндегі жаңа форматтағы цифрлық офисті орналастыруға ұсынылып отырған алаңды аралап көрді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрге бүгінде мемлекеттік қызметтердің қалай көрсетіліп жатқаны, қандай цифрлық шешімдердің кезең-кезеңімен енгізіліп отырғаны және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметтер азаматтар үшін барынша қарапайым, жедел әрі қолайлы болуы тиіс екенін атап өтіп, бұл бағытта онлайн форматты дамытуға басымдық беру қажеттігін айтты.

Өз кезегінде Мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев басым бағыттардың қатарында проактивті қызметтерді кеңейту, үдерістерді оңтайландыру және азаматтардың уақытын үнемдеу мәселелері бар екенін жеткізді.

"Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша процестерді одан әрі цифрландыру және инфрақұрылымды дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берілді", - делінген корпорация хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Алатаудан Алматыға аэротаксимен 15 минутта жетуге болады - Бозымбаев