Мобильді аударымдар: халыққа 26,9 мың салық хабарламасы жіберілген
Оны орындау мерзімі хабарлама түскен күннен кейінгі 30 жұмыс күні
Елімізде 2026 жылдың бірінші жарты жылында мобильді аударымдар, бақылау-касса машиналары және салық есептілігі арасындағы сәйкессіздіктерге байланысты шамамен 26,9 мың хабарлама жолданды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомствоның түсіндіруінше, мобильді аударымдарды бақылау үшін бірнеше өлшемшарт белгіленген. Атап айтқанда, жеке тұлғаның қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында емес, қатарынан кез келген үш ай ішінде 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша алуы және аударымдардың жалпы сомасы белгіленген шектен асуы ескеріледі.
Аталған шек республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшеріне, яғни 1 020 000 теңгеге тең. Банктер осы талаптарға сәйкес келетін операциялар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына береді.
Комитеттің мәліметінше, жеке тұлғаларды мобильді аударымдар арқылы кәсіпкерлік қызмет белгілері анықталған жағдайда хабардар ету жұмыстары мамыр айынан басталған. Ақпараттандыру хабарлама сипатында жүргізіледі және оған жауап беру талап етілмейді.
Салық төлеушілердің кабинеті арқылы бірінші жарты жылда шамамен 274 мың push-хабарлама жіберілген. Сонымен қатар, комитет деректеріне сәйкес, 55 мыңға жуық адам жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде тіркелген. Хабарламалар мобильді аударымдар, кассалық түсімдер мен 910 нысаны бойынша тапсырылған салық декларациясындағы кірістер арасында сәйкессіздіктер анықталғандықтан жіберілген.
Хабарлама алған азаматтар не істеуі керек
Егер салық есептілігін камералдық бақылау кезінде сәйкессіздіктер анықталса, салық төлеушіге тиісті хабарлама жіберіледі. Оны орындау мерзімі хабарлама түскен күннен кейінгі 30 жұмыс күні.
Кәсіпкерлік қызметтен түскен кіріс қолданылатын салық режиміне сәйкес декларацияда көрсетілуі керек. Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын тұлғалар өз кірістерін заңнамада көзделген тәртіппен декларациялауға тиіс.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтар тиісті талаптарға сай болса, 2026 жылғы кірістерін 2027 жылдың 15 қыркүйегіне дейін декларациялап, жеке табыс салығын 25 қыркүйекке дейін төлеуі керек.
Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық әкімшілендіру аясында алдын алу және бақылау шараларын жүргізетінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 56 мыңнан астам жұмысшының еңбек құқығы қорғалды