2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 миллион маман қажет

24.09.2026 12:55
Depositphotos.com

Мемлекет басшысы инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту аясында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылдары еңбек нарығында білікті кадрларға сұраныс айтарлықтай артатынына назар аударды.

«Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту аясында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Болжам бойынша 2035 жылға дейін елімізге 2,9 миллион маман, соның ішінде 1,8 миллион жұмысшы маман қажет. Кадр тапшылығы, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ саласында байқалмақ.

Қазіргі уақытта еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан аса студент оқиды. Ерте бастан кәсіптік бағдарлауға және дуальді оқытуға ерекше назар аударылып отыр», – деді Президент.

Мемлекет басшысы кәсіби біліктілікті арттыру мен азаматтарды еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған жобалардың маңызын атап өтті. Соның ішінде Астанада жүзеге асырылып жатқан «Joltap» жобасына тоқталды.

«Үш жыл ішінде 22 мыңнан аса адам білім алып, 60 пайызы жұмысқа орналасты, екі мыңға жуық жан жеке кәсібін ашты. Осы табысты тәжірибені барлық өңірге тарату қажет.

Әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және Отанына пайдасын тигізуге жағдай жасау – ортақ міндетіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Толық көрсету