Моланың күміс айшықтарын жұлып тастаған: Атырауда қылмыстық іс қозғалды

Тұрғындар зиратты түгел қоршап, бассыздыққа жол бергендердің қатаң жазалануын талап еттті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраудағы Еркінқала ауылында бұзақылар он шақты моланың күміс айшықтарын жұлып, тастарын қиратып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қорқып қалған Еркінқала ауылының тұрғындары кешелі бері естерін жинай алмай отыр. Таңмен таласа бейіт басына ағылған жұрт көп. Көпшілік бейіттегі бассыздықты көріп «аруақтарды қорлау» деп отыр.

«Түскі уақытта қарап келейін деп отырмын. Қызым осы жерде жерленген, ешкім тимеген. Бірақ бұл жағдай қорқынышты. Өйткені жұлып алып кетпей, тастап кеткен соң қорқамыз. Өлген кісілерде не шаруалары бар. Бұл қорлық қой», – деді Еркінқала ауылының тұрғыны Ақмарал Шарипова.

Бұзақылар моладағы айшықтарды түбімен жұлып, өзге бейіттің басына қаз-қатар тізіп кеткен. Тіпті бұған дейін де құлпытастар қиратылып, қолды болған. 

«Әжемнің бейітінің айшықтарын алып кеткен. Кеше апайымызды жерлеуге келгенде екеуін қиратып кеткен. Қандай адамдардың жасап жүргенін білмеймін. Алладан қорықпайды. Қасына жаңа жерленген мәйіттің бейтіне қадап, тізіп кеткен», – деді Еркінқала ауылының тұрғыны Сембай Жұмағалиев.

Полиция "Өлген адамдардың мәйiттерiн және олардың жерленген жерін қорлау" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

«Еркінқала ауылы маңындағы зираттарды бүлдіру дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Тергеу нәтижелері қосымша хабарланады», – деді Атырау облысы ПД Ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Дина Мақсотова.

Әбден үрейі ұшқан тұрғындар енді зиратты түгел қоршап, бассыздыққа жол бергендердің қатаң жазалануын талап етеді.

Жұлдыз ҚАЙРАТҚЫЗЫ, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Қаланың ішінде жылдамдық шектелді: ІІМ бұл деректің негізсіз екенін растады

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров