«Мошенники 2» сериалының тұсаукесері бір мезетте төрт платформада өтеді

15.01.2026 21:31

Сериалдың басты міндеті — көрерменді ақпараттандыру және қорғау, алаяқтардың нақты қалай әрекет ететінін көрсету

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

2026 жылдың 15 қаңтарында қазақстандық танымал «Мошенники» сериалының екінші маусымының тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әртүрлі алаяқтық схемаларға маманданған салқынқандылықпен әрекет ететін қылмыскер Дамирдің оқиғаларын баяндайтын авантюралық сага бұл жолы Түркиядан басталады. Онда ол ТМД елдерінің тұрғындарына түрік жылжымайтын мүлкін сату арқылы ауқымды алаяқтықты жүзеге асырады. Шетелдегі істерін аяқтаған соң, Дамир отанына оралып, бірінші маусымнан көрерменге таныс кейіпкерлерден өз командасын қайта жинайды.

Бұл маусымда Дамир мен оның командасы қазіргі заманғы, шынайы қылмыскерлер қолданатын жаңа әрі өзекті алаяқтық схемаларын іске асырады. Олардың қатарында цифрлық технологиялармен байланысты, оның ішінде жасанды интеллектіні қолданатын алаяқтық схемалары да бар.

Жоба авторларының негізгі мақсаты - сапалы ойын-сауық контентін ұсыну ғана емес, қазіргі қоғамдағы ең өзекті әрі өткір мәселелердің бірін ашып көрсету. Сериалда бәріне танымал алаяқтық схемалар қылмыскерлердің тарапынан баяндалады.

Сериалдағы әрбір оқиға өзіндік ерекшелігімен дараланып, ал соңы ешкім күтпегендей аяқталады. Көрерменге автокөлік алыпсатарлардан  бастап, интернет-фишингке дейінгі қылмыстық әрекеттердің ішкі механизмі көрсетіледі.

Сериалдың басты міндеті — көрерменді ақпараттандыру және қорғау, алаяқтардың нақты қалай әрекет ететінін көрсету. Осы арқылы әрбір адам олардың әдістерін танып, құрбан болмай, абай болуды үйренеді. Өйткені, әрбір адам мұндай алаяқтықпен кездескен немесе болашақта кездесіп қалуы мүмкін.

 «Екінші маусымды дайындау барысында біз қойылған деңгейді еш жағдайда төмендетуге болмайтынын нақты түсіндік. Сондықтан жобаның жалғасы географиялық тұрғыдан да, қамтылған шынайы алаяқтық кейстері бойынша да ауқымдырақ болды. Сонымен қатар, бұл маусымда көрермен Фариза кейіпкерімен байланысты ең интригалық сюжет желілерінің бірінің шешімін көреді және көрерменнің көңілінен шығатын жаңа кейіпкерлермен танысады», – деді жобаның продюсері әрі басты рөлді сомдаушы актер Рустем Омаров

«Мошенники» сериалының екінші маусымы Дамирдің оқиғасын аяқтамайды, керісінше 2026 жылдың көктемінде кинотеатрларда прокатқа шығатын осы аттас толықметражды фильмге дайындық қызметін атқарады.

Оқи отырыңыз: Алматы – әлемде үздік 14 туристік бағыттың тізіміне енді

 

Теги: сериал