Мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту: QH жобасы қалай жүзеге асырылады

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Оңалту жұмысы алты кезеңнен тұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға арналған QH жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында балаларға жеке қажеттіліктеріне сай техникалық оңалту құралдары уақытша пайдалануға тегін беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жоба мамандандырылған оңалту орталықтарына тұрақты баруы қиын балаларға қажетті көмекті үй жағдайында алуға мүмкіндік береді.

Оңалту жұмысы алты кезеңнен тұрады. Алдымен мамандар баланың жағдайын бағалап, жеке қажеттіліктері мен оңалту мақсаттарын анықтайды. Осыған сәйкес қажетті техникалық құралдар таңдалып, баланың дене өлшемдері мен ерекшеліктеріне қарай реттеледі.

Келесі кезеңде ата-аналарға жабдықты дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану жолдары түсіндіріліп, баламен үйде қалай жаттығу керек екені көрсетіледі. Одан кейін бала берілген құралдарды пайдаланып, үй жағдайында жаттығады. Ата-анасы мамандардың ұсынымдарын орындай отырып, оған көмектеседі.

Оңалтудың барлық кезеңінде Ұлттық ғылыми орталықтың мамандары баланың дамуындағы өзгерістерді бақылап, процесті сүйемелдейді. Қажет болған жағдайда ұсынымдар мен жаттығу бағдарламасына түзету енгізіледі.

Жобаға қатысушылардың өзара байланысы FSM Social ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асады. Платформа қажетті ақпарат алмасуға, жұмыс барысын үйлестіруге және оңалту процесін цифрлық форматта бақылауға мүмкіндік береді.

Қазір QH жобасы Павлодар, Абай, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында іске асырылып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін оны Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында да енгізу жоспарланған. Осылайша, жоба еліміздің сегіз өңірін қамтиды.

Баласына осындай көмек қажет ата-аналар жобаға қатысу шарттары туралы толығырақ ақпарат алып, өтінім қалдыра алады. Ол үшін Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығына жүгіну қажет.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлер ашқарынға жеуге болмайтын тағамдарды атады