Жақындарының сөзінше, қазанда азамат бойжеткенді еркінен тыс алып қашқан
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайды туған-туыстары жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Марқұм Нұрай Серікбайдың жаназасы Түркістан облысы, Төрткөл ауылында шығарылды. Қаралы үйден көтерілген жоқтау жан тітіркендіреді. Ал жалғыз қызынан айырылған ананың хәлі тым ауыр.
«Айуандықпен өлтірген адамды кешіруге болмайды. Қызымның өмірін қиып, қалай өлтірсе, солай өлімге қиям оны. Түрін көргім келмейді», – деді марқұмның анасы Айгүл Сағымбекова.
Еске салсақ, қанды қылмыс 11 қаңтарда болған. 21 жастағы бойжеткен кешқұрым дүкенге шығады. Сол сәтте оны 28 жастағы ер адам қуалап жүріп, бірнеше мәрте пышақтап өлтіреді. Осыдан кейін жас қыз оқиға орнында тіл тартпай кетеді. Жарақаттың ауыр болғаны сонша марқұмның жақындары мүрдені мәйітханада жудыруға мәжбүр болған.
«Қазақтың дәстүрі бойынша мәйітті жуып, шығарып салатын едік. Қазір ондайға да жағдайымыз келмей тұр. Себебі ауыр жарақат алған, бетін көріп едік шошып кеттік. Жотасынан 7 жерден пышақұрған», – деді марқұмның туысы Ғалымжан Сағымбек
Бүгін жаназаға жиналғандар күдікті мен студент қыздың бұрыннан таныс болғанын айтты. Олардың сөзінше, қазанда азамат бойжеткенді еркінен тыс алып қашқан. Бұл некеге қыздың өзі де, отбасы да қарсы болыпты. Тіпті полицияға арыз да жазылған. Алайда құзырлы органдар ешқандай шара қолданбаған.
«Ата-анасы қалалық прокуратураға және полиция департаментіне арызданған. Қауіпсіздігін сақтау жөнінде. Бірақ прокуратура да полиция қызметкерлері де ешқандай жұмыс жүргізбеген. Егер де арыз түскен күннен бастап жұмыс жүргізгенде, психолог шақырғанда, баланың ата-анасымен сөйлескенде, бұндай қылмыс болмас па еді? Адам өлмейтін бе еді?», – деді марқұмның туысы Кәрім Кенжетаев.
Айта кетсек, күдіктіні полиция екі күн бойы іздестіріп, бүгін қолға түсірді. Қазір ол қамауда отыр. Енді марқұмның туыстары тергеудің әділ өтуін сұрап, кінәлі азаматқа заң бойынша қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр .
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Шымкентте қызды пышақтап өлтірген күдікті ұсталды