Көпшілік бұл әрекеттің анатомиялық тұрғыда аса маңызды екенін ескере бермейді
Мұрын мен ерін арасындағы бөртпелерді (безеуді) сығып шығару адам денсаулығы үшін өте қауіпті. Бұл әрекет тіпті соқырлық пен тіндердің жансыздануына әкеп соғуы мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Газетой.Ru жазуынша, бұл туралы «СМ-Косметология» клиникасының дерматолог-дәрігері Ольга Андриянова айтты.
Маманның айтуынша, көпшілік бұл аймақтың анатомиялық тұрғыда аса маңызды екенін ескере бермейді. Себебі беттегі тамырлар бас сүйектегі ірі тамырлармен тікелей байланысты. Осыған орай, мұрын-ерін үшбұрышындағы инфекция ушықса, өте тез миға тарап, ауыр асқынулар тудыруы ықтимал.
«Ешқашан, әсіресе, мұрын мен ерін арасындағы аймақтағы безеулер мен қабынған бөртпелерді өз бетіңізше сықпаңыз. Инфекция миға өтіп, көру қабілетінен айырылуы, тіпті тіндердің өлуіне (некроз) әкеп соғуы мүмкін», — деп ескертті дәрігер.
Егер бөртпені сыққаннан кейін бет ісіп, қызарып, ауыра бастаса, дене қызуы көтеріліп, аяқ-қолы ұйып қалса, әлсіздік, жүрек айнуы сияқты белгілер байқалса, дереу дәрігерге жүгіну қажет. Мұндай жағдайда қабынуға қарсы және инфекцияға қарсы ем жүргізілуі тиіс.
Дәрігердің айтуынша, мұндай ауыр асқынулар, әсіресе иммунитеті мықты адамдарда жиі кездесе бермейді. Дегенмен қауіптің бар екенін ұмытпаған жөн. Ең дұрысы, бетті кәсіби маманға сеніп тапсырған абзал.
Безеудің алдын алу үшін дәрігер тері тазалығына мұқият қарап, тиісті күтім құралдарын дұрыс таңдауға кеңес береді. Сондай-ақ күннен қорғайтын кремді уақытында жуып тастау, тәтті мен тез қорытылатын көмірсуларды шектеу де маңызды.
«Жағажайға демалысқа барар алдында 7–10 күн бұрын ультрадыбыстық тазарту жасап, теріңізге лайықты күннен қорғайтын кремді таңдаған жөн. Бұл комедондардың (теріасты бітелуі) пайда болуына жол бермейді», - дейді дерматолог.
Оқи отырыңыз: Димаш Құдайберген қарындасына арнап жүрекжарды жазба жариялады