Аталған іс-шара екі апта жалғасады
Алматыда «Музей түні – 2026» мәдени іс-шарасы өтіп жатыр. Қала тұрғындары мен қонақтары мегаполистің жетекші мұражайларын тегін аралап, арнайы бағдарламаға қатыса алады. Биылғы акцияға Алматы тарихы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Ахмет Байтұрсынұлы, Дінмұхамед Қонаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов музей-үйлері және өзге де мәдени нысандар қосылды. Келушілерге театрландырылған экскурсиялар, квест ойындары, шеберлік сағаттары, көрмелер, дәрістер мен концерттік бағдарламалар ұсынылып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматыдағы «Музей түні» биыл қазақ киносының символына айналған «Қыз Жібек» фильмімен де ерекшеленіп отыр. Мұнда Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған арнайы көрме ашылып, көрерменге фильм тарихымен байланысты сирек жәдігерлер ұсынылды.Ұйымдастырушылар «бұл экспозиция – бір ғана актрисаның мерейтойы емес, қазақ киносының тұтас бір дәуіріне қайта үңілуге мүмкіндік» дейді Себебі «Қыз Жібек» – экрандағы махаббат хикаясын сомдаушы ғана емес, ұлттық болмыс, сұлулық пен өнердің көркем шежіресі. Бүгінгі көрме сол мұраны жаңа буынға жақындатып, музей кеңістігінде қайта сөйлетіп тұрғандай.
«Жыл сайын келушілерге қызықты бағдарламалар дайындауға тырысамыз. Биылғы жылдың ерекшелігі жастарды көбінесе тарту, тарихи-мәдени мұрамызды насихаттау мақсатында әртүрлі интеллектуалды-танымдық ойындар ұйымдастырдық», – деді музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.
Көрмеде Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов, режиссер Сұлтан Қожықов, суретші Гүлфайрус Исмайылова, жазушы Ғабит Мүсірепов пен композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық мұрасына қатысты материалдар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қазақ киносының қалыптасу кезеңін, ұлттық эстетиканың экрандағы көрінісін және бір туындының тұтас мәдени құбылысқа айналу жолын көрсетеді. Сондықтан музейдегі әрбір жәдігер өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағытталған тарихи-мәдени диалог іспетті.
«Алматының дәл ортасынан сақ дәуіріне жататын қорғанды таптық. Бұл – қаланың тарихы біз ойлағаннан әлдеқайда тереңде екенін көрсетеді. Қорған шамамен 2 жарым мың жыл бұрын тұрғызылған. Оның құрылымы да өте күрделі: жер, тас, балшық қабаттары арнайы технологиямен қаланып, тіпті судан қорғайтын қабаты да ойластырылған. Яғни бұл жай ғана жер үйіндісі емес, сол дәуірдегі маңызды жерлеу кешені болған. Мұндай жәдігерлер Алматы аумағы ерте темір дәуірінде-ақ ірі тарихи-мәдени кеңістік болғанын дәлелдейді. Сондықтан оны зерттеп, халыққа дұрыс түсіндіру – өте маңызды», – деді археолог Мұрат Нұрпейісов.
«Музей түні» аясында келушілер тарихи мұраны тамашалап қана қоймай, оны интерактивті форматта да сезіне алды. Бірі тарихи кейіпкерлермен театрландырылған экскурсияға қатысса, енді бірі шеберлік сағаттарында қыш бұйым жасап, зергерлік өнердің қыр-сырымен танысты. Балаларға арналған интерактивті аймақтар, жасанды интеллектімен жабдықталған фотоалаңдар, блиц-көрмелер мен танымдық ойындар музейге келген әр буынның қызығушылығына сай ұйымдастырылған. Ал «Тарих ізімен» квесті қатысушыларды бір музейден екіншісіне жетелеп, қаланың мәдени кеңістігін жаңа қырынан танытты. Ұйымдастырушылар «мұндай формат тарихи жады мен ұлттық мұраға деген қызығушылықты арттырады»дейді.
«Ұлы Отан соғысы ардагерлері залына келіп тұрмын. Өзімнің әкем соғыс ардагері болғандықтан бойымды ерекше сезім билеп тұр. Музейде байқағаным видеолар қосылған, ұнады. Кәдімгідей сол сәтке түскендей болып тұрмын. Ал «Қыз Жібек» кинофильмінің естеліктерін, үзінділерін көрдім, керемет», – деді қала тұрғыны Дана Ерланқызы.
Түнгі акция «Алматы кеші» концерттік бағдарламасымен жалғасып, сахнада Kalifarniya, Bayan Sulu, «Алашұлы» тобы мен өзге де өнерпаздар өнер көрсетті. Кеш соңында квест жеңімпаздары мен музей қызметкерлері марапатталып, бағдарлама ашық аспан астындағы кино көрсетілімімен түйінделді.
Айта кетейік, «Музейлер түні» мәдени іс-шарасы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Былтыр келушілер саны 20 мың болса, биыл 28 мың адам келеді деп күтілуде. Аталған іс-шара екі апта жалғасады.
Айжан Дайрабай, Виталий Фатчев
Оқи отырыңыз: Медеу, Көкжайлау және Құмбел тоғысады: Алатау бөктерінде 100 шақырымдық аспалы жол тартылмақ