Мұзтаудың етегіне апаратын жалғыз көпір қирап тұр

Мұзтау – Алтайдың көрікті, назар аударарлық орындарының бірі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің шығысындағы ең көркем туристік бағыттардың біріне қауіп төніп тұр. Мұзтаудың етегіне апаратын жалғыз көпір апатты жағдайға жеткен. Жарты ғасыр бұрын салынған ағаш өткел былтыр көктемде қираған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұзтау – Алтайдың көрікті, назар аударарлық орындарының бірі. Әрі бұл жер қасиетті мекен саналады. «Ал оның шыңына Шығыс Қазақстаннан жету әлдеқайда оңай, сондықтан биіктікті бағындырғысы келетіндер көп» дейді Нұртас Шәкіртов. Қатонқарағай ұлттық паркінің инспекторы болып қызмет ететін ол мұнда келетін туристерді өзімен бірге ертіп жүреді. Бірақ қазір келушілерді атқа отырғызу тиімді. Себебі ескі көпірмен өту аса қауіпті.

«Көпір өте қажет. Туристер Мұзтауға, Қаракөлге барады. Бірақ көпір өте қауіпті. Оны жөндесе, туристерге керемет болар еді», – деді Қатонқарағай ұлттық паркінің инспекторы Нұртас Шәкіртов.

Көпір Жамбыл ауылдық округінде әрі аудандық маңызы бар жол бойында орналасқан. Былтыр көктем айында оны тасқын су ағызып кете жаздаған. Аймақ әкімінің сөзінше, сол себепті өткел екі айға жабылыпты. Кейін құрылымды өз күшімен жөндеп шыққан.

«Судың қатты тасып, көпірді су ағызып кете жаздады. Биыл қауіптеніп, 1-2 ай жауып тастадық. Одан кейін біраз жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалыпқа келтіріп қойдық», – деді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Әлібек Аманов

Өткелді қайта жаңғыртуға арналған жоба былтыр дайындалыпты. Жауаптылар, жаңа көпір саламыз деп шешім қабылдаған. Ал өңір басшысы болса, мәселені өзі қадағалайтынын жеткізген.

«Жобаның құны – 592 миллион теңге. Биыл конкурсты өткізіп, жұмысты бастау үшін облыстық бюджеттен 1 миллион теңге бөлінді. Мердігер анықталған соң іс жалғасады. Қаржыландыруға байланысты мәселе шешімін табады деп ойлаймын», – деді Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.

Жаңа көпір ескісінің жанына салынады. Құрылыс жұмыстары су деңгейі төмендеген тұста, нақтырақ айтқанда, тамыз айында басталмақ. Себебі, қазір ағыс тым қатты. Ал жобаны келер жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Рүстем Айткәрім, Руслан Мұмедияров

 

Новости партнеров