Мың жылқы дүбірлеткен кең дала: Алматы облысында ауқымды этнофестиваль өтті

 Биылғы Қымызмұрындықтың басты ерекшелігі – мерекенің Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналуы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттық код пен болмыстың өзегіне айналған Қарқара төріндегі «Қымызмұрындық» биыл жаңа мазмұнмен жалғасты. Жайлау тойына 35 мыңнан астам адам жиналып, өңірдің брендіне айналған дүбірлі думанның ауқымы кеңейе түсті. Мың жылқы дүбірлеткен кең дала, екі тонна қымыз, 250 киіз үй, жүздеген өнерпаз бен жүздеген жүйрік. Биыл алғаш рет республикалық мәдени іс-шаралар күнтізбесіне енген мереке Әлмерек абыздың 368 жылдығына арналды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қарқара төрінде тағы той. Таңсәріден жайлауға ағылған жұрт алдымен этноауылды аралап, ұлттық көрмелерді тамашалады. Күбі сапырған келіншектер, бауырсақ пен құрт, ірімшік пен ақ тағам жайылған дастарқанға келген жұртқа алдымен 2 тонна қымыз ұсынылды.  

Қарқара жайлауында биыл тек қымыз ұсынылып қана қоймай, оның бірнеше түрі көпшілікке таныстырылды. Қонақтар саумалдан бастап, бал қымыз, уыз қымыз, түнемел қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз және бесті қымыздың дәмін татуға мүмкіндік алды. Әрқайсысының дайындалу тәсілі мен емдік қасиеті жайлы арнайы мамандар мен ақ жаулықты аналар әңгімеледі.

Қымызмұрындық – көшпелі жұрттың жазғы тіршілігіндегі ең маңызды ғұрыптардың бірі. Бие байлап, алғашқы қымыз ашытылған сәтте ауыл ақсақалдары бата беріп, ел-жұрт бір дастарқан басына жиналған. Бұл күн молшылықтың, берекенің және елдің амандығын тілейтін мереке саналған. Жайлау тойы әдетте ерекше рәсіммен басталады.

«Үйірдің бастаушысы айғырдың жанын байлаймыз, сол биенің құнын байлаймыз. Сүтіміз, ағымыз мол болсын! Қымыз тасқын судай тасып, селдей ағып жатсын! Ежелден қазақ дәстүрінде келе жатқан салтымыз ескірмеу» керек», – деді Кеген ауданының тұрғыны Оралхан Үркімбаева.

 Биылғы Қымызмұрындықтың басты ерекшелігі – мерекенің Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналуы. Сахна төрінде Әлмерек абыздың Райымбек батырға бата берген тарихи сәті қойылым арқылы қайта жаңғырды.

Ал жайлаудың әр тұсында ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылды. Қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, асық ату, қошқар көтеру, алыптар сайысы мен сырыққа өрмелеу жарыстары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Мерекенің ең әсерлі сәті түс ауа басталды. Қарқара жайлауымен бір мезетте мың жылқы айдалып өтті. Елде бұрын-соңды болмаған, ұлан-ғайыр далада қозғалған жылқы легі көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

Даланың дүбірі кейін бәйге алаңына ойысты. Құнан, топ және аламан бәйгеге 190-нан астам жүйрік қатысты.  Көпшілік тағатсыздана күткен 32 шақырымдық аламан бәйгеде көрермен күтпеген көріністің куәсі болды. Мәреге жете бергенде шабандозымен бірге құлаған Қордай ауданынан келген «Айтолқын» атты жүйрік, қайта тұрып бас жүлдені жұлып алып кетті.

Бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылған Қымызмұрындық бүгінде тұтас өңірдің брендіне айналды. Алғашқы жылдары бірнеше мың адам ғана жиналған мерекеге биыл 35 мыңнан астам халық қонақ болды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестиваль ауқымы бес жыл ішінде шамамен 10 есе ұлғайған. Биыл мерекенің республикалық мәдени іс-шаралар күнтізбесіне енуі де оның мәртебесін арттыра түсті.

«Республикалық үлкен іс-шараға айналып жатыр. Көршілес мемлекеттеріміз-Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Түркия мемлекет, Иран мемлекетінен арнайы қонақтарымыз келді. Алыптар күресінде бағана тамашалап жатырмыз, африкалық спортшылар да қатысып жатыр», – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев

 Қарқарадағы жайлау тойы ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, туризмді дамытуға серпін беретін және қазақтың рухани мұрасын жаңғыртатын маңызды мәдени алаңға айналып отыр.

Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Домбыра ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек - Мемлекет басшысы