Әкім парақшасында жұмысқа қатысты ресми ақпарат емес, жеке өміріндегі ойын жазып отырады
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханның Threads желісіндегі жазбалары көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әкім парақшасында жұмысқа қатысты ресми ақпарат емес, жеке өміріндегі қызық сәттері мен өз ойларын бөлісіп отырады. Ол парақшасын қараша айында ашқан, қазір 11 мыңнан астам оқырман жинаған.
Ол өз мысығын дәрігердің қабылдауына апарған.
«Threads платформасын да, TikTok-ты да қызметтік емес, жеке аккаунт ретінде қолдануды жоспарлап отырмын. Мен де бәріңіз сияқты жұмыстан тыс қарапайым өмір сүретін, өз ойы бар адаммын», – деп жазды Байхан.
Әкім парақшасында қыздарға қатысты әзіл-ойлы жазбалар да жариялайды. Мысалы, ол бұрын қыздың жүрегін жаулау үшін театр, опера немесе табиғат аясындағы серуен жеткілікті болғанын, ал қазір «мейрамхана сынағынан өту» маңызды екенін атап өткен.
«Бұрын қыздың жүрегін жаулау немесе оны қасыңда ұстап қалу үшін оны театрға, операға шақыру, не болмаса қайықпен көлде серуендету, немесе орманда қыдырту қажет еді. Қазір театрлар трендте емес, операны түсінетіндер де аз, ал орман бұрынғыдағыдай тартымды емес. Қазіргі уақытта «мейрамхана» сынағынан өту керек», – дейді әкім.
Оқи отырыңыз: Қысқы күн тоқырауы: ғалымдар ең қысқа күнді атады