Мысырдағы қайғылы жағдайға байланысты шығынды сақтандыру компаниясы өтейді

19.05.2025 14:22

Оқиға орнында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Шарм-эль-Шейх әуежайында болған қайғылы жағдайға байланысты барлық шығынды сақтандыру компаниясы өтейді. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ведомстводағы жауаптылардың айтуынша, қаза тапқан әйелдің туыстарымен байланыс орнатылып, жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Жарақат алған екі әйелге де қажетті медициналық көмек көрсетілген.

Айта кетейік, 2 күн бұрын Шарм-эль-Шейх әуежайында рейсін күтіп отырған жолаушылардың үстіне жарнамалық тақтай құлап, Қазақстан азаматы көз жұмған. Тағы 2 отандасымыз жарақат алған.

«Мысыр тарапы Қазақстан азаматының қайғылы қазасына байланысты көңіл айтты. Мысырдың Азаматтық авиация министрі жағдайды бақылауына алып, оқиға орнына дереу комиссия жіберді. Оқиға орнында тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚР елшілігі де оқиғаны ерекше бақылауына алды», – делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Ұшақ апаты: Қызылордада жоғалғандар далалық аумақтан табылған