Қолқаны қабатын жағымсыз иіс 5 қабатқа дейін тарап кеткен
Атыраудағы Авангард ықшамауданының тұрғындары сасық иіске тұншығуға мәжбүр. Айтуларынша, кәріз құбыры жарылып, нәжіс суы жертөледен сыртқа жайыла бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жертөлесі ай сайын сасық суға толатын тұрғындар нәжіс иісіне тұншығуға мәжбүр. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс 5 қабатқа дейін тарап кеткен. Жаңбыр жауса, кәріз жүйесі істен шығып, жертөле суға толады. Жұрт белуардан су кешіп, лас суды өздері тазалайтынын айтты.
«Бұл мәселе бірнеше жылдан бері келе жатыр. Қанша рет айттық. Сасық иістен ауру болып біттік, әбден тұншықтық. Өзім бесінші қабатта тұрамын. Өте қиын. Тіпті бала-шағамызды далаға шығарып ойнатудан қалдық. Масқара ғой. Әкімдік енді шешіп берсе екен. ПИК-тен еш қайыр жоқ», – деді қала тұрғыны Анастасия Быкова.
Жөртөле суға толып, жұрт әбігерге түсіп жатқанда жарық та сөніп қалады екен. Бұқара «ПИК қызметкерлеріне талай рет айтқанымен, тындырылған тірлік жоқ» дейді.
«Суды тиып беруін сұраймыз. Әкімдіктің, өзге де барлық чатқа суреттерді салдық, бірақ ешкім жауап бермеді. Келіп қарап жатқан ешкім жоқ. Сасық ауа үйге кіріп жатыр. Балалар үйде маска киіп жүр. Сасықтан демала алмай жатырмыз. Терезені ашсақ та жапсақ та келеді иіс», – деді қала тұрғыны Замира Ерсұлтанова.
Ал шенеуніктер тұрғындарды мазалаған мәселені алдағы он күнде шешіп беретінін айтып, уәде берді.
«Қазіргі таңда ПИК тарапымен бірлесіп жұмыс жасалып жатыр. Әсіресе, 21 және 22 үйлерге кіруге рұқсат бермей жатыр. Қалыпқа келітіріп, жасалатын болады. Алдағы 10 шақты күнде жұмыс жасаймыз», – деді қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Медет Шәкіров.
Түйткілдің түйіні жылдар бойы тарқамай келе жатқандықтан тұрғындар жауаптылардың бұл сөзіне жұбана қоймады.
Оқи отырыңыз: СҚО-да көпшілік құс өлексесін көміп, қалдықтарды шығарумен әлек