Үй су астында қалуы мүмкін: тұрғындар Ертіс өзенінен келер қауіптің күшейгенін жеткізді

11.11.2024 15:29

Жергілікті билік тұрғындардың қауіпсіздігі үшін оларды көшіруге дайын

«Ертіс өзені тасып, үйіміз су астында қалса, қалай күн көреміз?». Осылай шағым айтқан Өскеменнің іргесіндегі Прапорщиково ауылының тұрғындары, судан келер қауіптің күшейіп тұрғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Глубокое ауданында, Ертістің жағалауында орналасқан Прапорщиково ауылы әсем көрінісімен көптің көңілін жаулайтыны рас. Нина Ефимованың айтуынша,  соңғы жылдары өзен елдімекенге тек сұлулық сыйлап қана қоймай, қауіп те төндіріп тұр. Тұрғын «мұндағы үйлер көп ұзамай құлауы мүмкін» дейді.

" 2018 жылы бұл жерде кен орындарын игеруге арналған қондырғы жұмыс істеді. Өзен арнасын жауып тастады, жағалау шайыла бастады. Бұл мәселе жыл сайын туындайды. Кем дегенде 10 метр су астында қалады. Менің 18 соттық бақшам болған. Өзіңіз көрдіңіз, қазір не қалды? 6 жыл бойы күресіп келеміз. Жағалауды бекітіп, өзен арнасын ашып берсе болды", – деді Прапорщиково ауылының тұрғыны Нина Ефимова.

Жағдайдың күрделеніп тұрғанын жергілікті билік те растады. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін олар көпшілікті көшіруге де дайын отыр.

"Глубокое ауылында пәтерлер бар. Оларды Отан көшесіндегі 10 үйдің иесіне ұсынып та көрдік. Бірақ көбінде жалға беріледі", – деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Аян Мәкиев.

Мұндай нұсқа тұрғындарды қанағаттандырмады. Олар ауылдағы жеке меншігіндегі үйіне ақша төлемейді. Оған қоса көпшілік аудан орталығында жеке аула болмайтынын айтып,  жағалауды бекітуді талап етті.  Ал ауылда мәселеге қатысты жұмыс жақын арада басталуы керек. Мердігер өз қаражатына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске кірісуге дайын.   

"Барлық оң келісімнен соң, Прапорщиково ауылының маңындағы эрозияға ұшыраған жағалауды бекіту жұмысына кірісуге дайынбыз. Туған-туыстарым да осында тұрады. Сондықтан көмек қолын созуымыз қажет", – деді мердігер ұйымның директоры Ғалымжан Уатаев.   

Күйзеліске шыдамай, бір отбасы қалаға көшіпті. Ал қалған қараша үйі мен Ертіс жағалауының апаттан құтқарылатынына сенеді. Мердігер өзеннің арнасын оңдап, түбін тереңдете бастапты. Іс суға жақын орналасқан барлық ауылда жалғасын таппақ.   

Рүстем Айткәрім, Руслан Мұхамедияров, ШҚО

Оқи отырыңыз: СҚО-да жол апатынан нәресте көз жұмды