Ұлттық нақышта безендірілген ерекше аула: шымкенттік отбасы қазақ үйде тұрып келеді

21.03.2026 18:35

Шымкент төрінде дәстүрлі нақышта безендірілген ерекше аула бар. Майра Әптөреқызы өз үйін қазақы ою-өрнекпен көмкеріп, ұлттық стильде ерекше кеңістік жасаған. Есік алдына алтыбақан орнатып, тайқазан қойған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл аулаға кірген сәттен-ақ басқа бір кеңістікке түскендей сезінесіз. Есік алдында тігілген ақ шаңқан киіз үй – тек қазақтың көшпелі өмірінің символы емес, Майра Әптөреқызының алғашқы баспанасы. Үй иесі осында 6 ай бойы өмір сүріп, дала тіршілігінің тынысын сезінген.

«Киіз үйде біз 6 ай тұрдық. Енді ыстығына, суығына барлығына көнуге тура келді. Осы жерде жатып, жұмысқа қатынап жүрдік. Керемет бір сезім болды. Әдемілеп, одан әрі бірнәрсе қоссам қалай болады деп ойладым», – деді қала тұрғыны Майра Әптөреқызы.  

Киіз үйдің ішкі көрінісі ұлттық рухты айшықтайтын асыл дүниелермен көмкерілген. Мұндағы басқұр, найза, қылыш секілді бұйымдардың көбін алыс-жақын шетелден алдырыпты. Кең де көркем 12 қанатты үйде ауыл тойлары тойланып, салт-дәстүр қайта жаңғырады.

«Қазақта қызды оң босағаға шығару деген салт бар. Өзімнің қызым 14-ке толған кезде дәстүрді  жаңғыртып, той жасап, көршілерді шақырып, үлкендердің батасын алдық», – деді қала тұрғыны Майра Әптөреқызы.  

Кейіпкеріміздің балалары да ата-баба мұрасына бейжай қарамайды. Олар әр жәдігердің сырын терең түсініп, қай жерде жүрсе де ұлттық құндылықтарды насихаттап келеді.

«Киіз үйде орналасқан әрбір заттың құнын білем. Болашақта келін болғанда, барған жерімде білгенімді үлгі ретінде көрсете аламын», – деді қызы Нәзік Ормолда.  

Ал киіз үйдің сыртында алтыбақан орнатылып, тайқазан қойылған. Көршілер бала күнгі шат-шадыман шақты еске салатынын айтты.

«Балалық шағымыз еске түседі. Текеметтерді көргенде әжелеріміз еске түседі. Жүрек тебіреніп, Наурыз мейрамын күтеміз», – деді қала тұрғыны Венера Перембетова.

Қабырғаға бейнеленген ою-өрнектерді Майра Әптөреқызы арнайы тапсырыспен салдырған. Бұл бейнелер жылдар бойы, өз қалпын жоғалтпай сақталып келеді. Мұндағы әрбір ою-өрнек қазақтың ұлттық құндылықтарын айқын көрсетіп тұр.

Қазақ дәстүрін дәріптеген тұрғын ұлттық өнерге деген жанашырлық тек мерекелерде емес, жыл бойы жүректе болуы керек дейді. Ал өзі осыны барлығына үлгі етіп, ісімен көрсетіп келеді.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков

Оқи отырыңыз: Алматы Аренадағы Наурызда келген қонақтарды алып батырлар қарсы алды