Нарынқол мен Кеген арасындағы айналма жол құрылысы аяқталуға жақын

03.04.2026 19:30

Республикалық маңызы бар жолдың опырылуы салдарынан көлік қозғалысы тоқтап, мамандар шұғыл түрде айналма жол салуға кірісті

Алматы облысында табиғат мінез көрсетіп, еріген қар суы республикалық маңызы бар Кеген-Нарынқол трассасының тас-талқанын шығарды. Бүгін сағат 11:30 шамасында болған апат салдарынан ондаған көлік жолда қалып, тұрғындар барар жеріне жете алмай әлекке түсті, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Нарынқол-Кеген тас жолының 20-сыншы шақырымында 1970 жылдары салынған ескі су өткізу құбыры қар суының қысымына шыдас бермей, бұзылып кеткен. Нәтижесінде жолдың 150 текше метр аумағы опырылып, тереңдігі 3,5 метрге жететін шұңқыр пайда болды.

«Жол жабық. Қазір міне, бәріміз тұрмыз. Қаншама халық, қаншама сағат уақытымыз кетіп жатыр. Халықтың азық-түлігі, малы, көмірі – бәрі осы жалғыз жол арқылы өтетін еді», – дейді Нарынқол ауылының тұрғыны Сағынтай Көшкенов.

Жолдың жабылуы тек жүк тасымалына емес, адамдардың денсаулығы мен күнделікті жұмысына да кедергі келтіріп отыр.

«Нарынқолда тұратын халықтың екінші ауданға жұмысы бар, ауруханаға барып келе жатқандар бар. Бұл халық үшін үлкен қиыншылық болып тұр», – деп толықтырды Кеген ауылының тұрғыны Медетбек Әбдікәрімов.

Қазіргі уақытта апат орнында 20-ға жуық арнайы техника мен 30-дан астам жұмысшы жұмылдырылған. Жолдың орташа жөндеуден өтіп жатқанына қарамастан, ескі инфрақұрылым сыр берген.

«Асфальттың биіктігі шамамен 2,5-3 метрді құрайды. Қазіргі уақытта «Қазавтожол» Алматы облыстық филиалының күшімен 20-ға жуық техника жұмыс істеп жатыр. Уақытша айналма жолды жасау жұмыстары атқарылуда. Шамамен 2 сағаттың көлемінде дайын болады», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы бөлімінің басшысы Досбол Тепішев.

Айта кетейік, «Кеген – Нарынқол» автожолының 74 шақырымын жаңарту 2025–2026 жылдарға жоспарланған. Былтыр жолдың тек 40 шақырымының төменгі қабаты төселген екен. Мамандардың айтуынша, негізгі трассаны қалпына келтіру жұмыстары еріген су толық басылғаннан кейін ғана қолға алынбақ.

Бұл учаске арқылы тәулігіне 500-ге жуық автокөлік қатынайтынын ескерсек, жолдың тезірек ашылуы аймақ үшін стратегиялық маңызға ие.

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер – балалар игілігіне: Шымкентте заманауи жатақхана ашылды