Мамандардығ айтуынша, АЭС салынса, тұтынылатын энергияның шамамен 10 пайызын бере алады
Энергия тұтыну деңгейі жыл санап артып келе жатқандықтан, 2035 жылға қарай Қазақстанда қуаттылығы 26,5 гигаваттық стансаларды іске қосу жоспарланған. Оның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 36 пайызы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Мамандардығ айтуынша, АЭС салынса, тұтынылатын энергияның шамамен 10 пайызын бере алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде елімізде жасыл энергия саналатын күн, жел, су электр стансалары сынды 148 нысан жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар елдегі тұтынылатын энергияның шамамен 6 пайызын береді. Ал 70 процентке жуығы жылу электр орталықтарының үлесінде.
"Электр қуатын тұтыну деңгейі әр он жыл сайын 10 пайызға артып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, алдағы уақытта көмір жағуды азайтамыз. Сол себепті электр қуатын беретін стансалардың барлығын дамыту қажет. Күн мен желдің, сондай-ақ ядролық энергетиканың мүмкіндігін пайдалану керек", – деді «Ядролық физика институты» РМК ядролық физика бөлімінің басшысы Тимур Жолдыбаев.
Қазақстан Париж келісіміне сай, 2060 жылдан кейін энергияны көмір жақпай өндіруі тиіс. Сол себепті, алдағы 10 жылдықта жылу электр орталықтарының электр қуатын шығарудағы үлесін 17 пайызға төмендетіп, қайта қалпына келетін энергия көздерінің үлесін 36 процентке жеткізу көзделген.
"Күн, жел энергиясы көбейеді. Бірақ оның бір ерекшелігі бар. Күн мен жел энергиясының тұрақсыз. Сондықтан оны балансқа келтіріп отыратын тұрақты энергияның көзі керек. Ол – АЭС. Ол – тұрақты 24 сағат істеп тұратын станса. Күнге не желге қатысты жоғалып кетпейді", – деді «Ядролық физика институты» РМК бас директорының кеңесшісі Насурлла Бөртебаев.
Ғалымдар АЭС-тің де жасыл энергия көзі саналатынын айтты. Себебі жылу электр орталықтарына қарағанда АЭС-тың маңындағы сәулелену дозасы кем дегенде 5 есеге аз. Әрі ол ауаға зиянды қалдық бөлмейді.
"Бір келі ураннан бөлінетін энергия 60 тонна мұнайды немесе 100 тонна көмірді жаққанда алынатын қуатпен бірдей. Біздің ел уранды өндіру бойынша бірінші орында тұрғандықтан, мүмкіндік мемлекетіміздің экологиялық және экономикалық мәселелерін шешуге көмектеседі деп ойлаймын", – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ «Жалпы физика» кафедрасының меңгерушісі Айдос Лесбаев.
Мамандар жаңартылатын энергия көздерінен тұрақты түрде электр қуатын алып отыру үшін оны аккумулятор стансаларымен қоса жабдықтау қажет екенін айтты. Алайда мамандар елді қымбатшылық жайлайтынын алға тартты.
Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: АЭС салынса, электр қуаты арзандауы мүмкін