Науқас көз жұмды: дәрігер әйелдің екі аяғын қателесіп кесіп тастаған

23.07.2025 20:42

Сот ер адамды кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады

Almaty.tv

Өзбестандағы Ферғана облысында дәрігер қателесіп науқастың екі аяғын кесіп тастағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Адинахон Исомитдинова атты науқас 2024 жылдың 18 қазанында ауруханаға түскен. Оған екінші типтегі қант диабеті деген диагноз қойылған.

Хирург дәрігер әйелдің сол аяғының орнына сау оң аяғын кесіп тастаған. Кейіннен сол аяғын да ампутациялаған. Екі ауыр отаға шыдамаған әйел 2024 жылдың 7 қарашасында көз жұмды.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Қайтыс болған әйелдің заңды өкіліне 27 млн 806 мың сум көлемінде материалдық, тағы 80 млн сум моральдық шығын өтеуге міндеттеді.

Кейін қылмыстық іс апелляциялық тәртіппен қаралды. Дәрігер өзінің әрекетінде қылмыстың құрамы жоқ екенін алға тартқан. 

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Оқи отырыңыз: Медбикелер алғашқы медициналық көмек көрсете алады