Медицина мамандары ауылдық жерлерде айрықша жетіспей жатыр
Солтүстік Қазақстанда медицина мамандары тапшы. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыстың емдеу мекемелеріне 144 дәрігер мен медбике жетіспейді. Сол себепті аймақтағы ауруханалар мен емханаларда ұзын сонар кезек туындаған. Кадр тапшылығы әсіресе, ауылдық жерлерде байқалатын көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елдің солтүстігінде медицина мамандарының жетіспеушілігі мәселесі әлі де өткір. Тапшылық әсіресе елдімекендерде қатты байқалады. Соның кесірінен балтыры сыздап, ем іздеп келген ауылдағы ағайын сағаттап кезекте тұруға мәжбүр. Мұндағы мекемелерге тек дәрігерлер емес, медбикелер де қажет екен.
"Аудан бойынша медициналық қызметкерлер, оның ішінде 9 дәрігер мен 27 орта білімді медбике тапшы. Осы мәселе бойынша бүгінде аудандық аурухана республикамыздың жоғары және орта оқу орындарымен тікелей жұмыс жасап жатыр", - деді Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов.
Кадр тапшылығы облыс орталығында да байқалады. Петропавл тұрғындары дер кезінде медициналық қызметке қол жеткізе алмаймыз деп шағымын жеткізді.
"Бізде мамандар, дәрігерлер жетіспейді. Бейінді дәрігерлерге бару үшін ұзақ күту керек", "Жекеменшік мекемелерге қаралуға тура келеді. Себебі бұған дейін ревматологқа кіру үшін алдын ала жазылып қойып, 2 ай күткенмін. Енді тағы 1 ай күтсін дейді", "Қазір ұлым ауырып жатыр. Неврологқа көріну үшін алдымен терапевтке қаралу керек. Ал оған кіру - қиынның қиыны", - деп күйінеді тұрғындар.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сенсек, биыл облыс бойынша 131 медицина қызметкері жұмысқа орналасса, оның 63-і жас маман екен. Оларға төленетін жәрдемақының жалпы сомасы 181 миллион теңге болған. Кадр тапшылығын жою үшін бүгінде бөлінетін қаржыны арттыру қолға алыныпты.
"Осыдан 2-3 жыл бұрын шамамен 300-ге жуық маман жетіспейтін. Қазір бұл сан 144-ке қысқарды. Бізде ауылдық жерлерде 5 миллион теңге, қалада 3,5 миллион теңгеге дейін жәрдемақы қарастырылған. Елдімекендерге келетін дәрігерлерге 8,5 миллион теңгеге дейін қаржы бөлуді көздеп отырмыз. Бірақ бұл мәселе әлі де қарастырылып жатыр. Жоба мақұлданған жоқ", - деді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлау.
Резидентураны оқытуға жергілікті бюджеттен 50 грант бөлінген. Қазір білім беру бағдарламасын 34 жас маман оқып жатыр. Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша емдеу мекемелеріне 21 дәрігер-резидент жұмысқа орналасқан.
Жансая Олжабек, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, AlmatyTV, Солтүстік Қазақстан облысы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда өндірістік аккумулятор батареяларын өндіретін алғашқы кәсіпорын іске қосылды