Елімізде қант диабетімен ауыратын науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі
Әлемде қант диабетімен ауыратындар саны күрт өсті. Кейінгі 10 жылда елімізде де бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Былтыр осы дертке шалдыққан жарты миллионнан аса адам тіркелген. Бұл - тек ресми анықталғандары, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы облысының тұрғыны Гүлбахар Туфанова қант диабетіне шалдыққанын анализ тапсырып жүргенінде кездейсоқ білген. 64 жастағы зейнеткер бүгінде ауру дендеп, қанша күрессе де, ағзаны құрт жегендей құртып жатыр дейді. Өзі инсулинге тәуелді. Ал аурудың туындауына күйзеліс әсер еткенін айтады.
"Менде қант диабеті пайда болғанына 10 жыл болды. Дәрі көмектеспеді. Содан кейін инсулинге көштім. Көзім нашар көріп жүр. Сол диабеттің кесірінен құлақ та нашар естиді. Бүйрекке де, көз-құлаққа да кері әсер етеді", - деді Алматы облысының тұрғыны Гүлбахар Туфанова.
Атауында "қант" сөзі кездесетіндіктен, көпшілік бұл дертке тәттіқұмарлар шалдығады деген жаңсақ пікірде. Шынтуайтында, дұрыс тамақтанбайтын, физикалық қозғалысы аз, жиі күйзеліске ұшырайтындар аталған аурумен бетпе-бет келуі мүмкін. Ал оның алғашқы белгілері - адам жиі шөлдейді, жаралары ұзақ жазылмай қояды, қышыма пайда болады. Диабет ағзаның инсулинді өз бетінше шығармауы немесе өндірілген инсулинді пайдалана алмауына байланысты екі типке бөлінеді екен.
"Артериялық гипертензия сияқты бұл ауруда да үнемі ем қабылдап тұру керек. Егер адам дұрыс тамақтанып, дәрілерін ішіп тұрса, қант деңгейі бірқалыпты болып төмендесе, онда ары қарай ауру дамымайды", - деді С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ішкі аурулар орталығының бас дәрігері Сәуле Өнербаева.
Қант диабетіне шалдыққан науқастардың көп бөлігі осы қаламсапқа ұқсайтын дәрі-дәрмекке тәуелді. Бұл инсулинді тамаққа дейін тері астына енгізеді. Осылайша ағзадағы қант деңгейі бірқалыпта сақталады.
Бүгінде Қазақстанда қант диабетіне жарты миллионнан аса адам шалдыққан. Дей тұрғанмен, мамандар бұл ресми дерек екенін, тексерістен өтпеген, диагнозын білмейтіндер саны әлдеқайда көп екенін алға тартады. Елімізде қант диабетімен ауыратын науқастарға дәрі-дәрмек тегін берілетіндіктен, бөлінетін қаражат көлемі де жыл санап артып келеді. Мәселен, 2021 жылы дәрі-дәрмек сатып алуға 31 млрд теңге жұмсалса, былтыр 56 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Ал биылғы қаражат көлемі – 70 миллиард теңге.
Қант диабетін емдеуге бөлінген қаржы:
"Диабеті бар екенін білместен өліп кетіп жатқан адамдар бар. Дерттің асқынуы жүрек ауруына инфарктіге, инстультқа алып келетіндіктен, негізгі себебі диабет болса да, осындай асқынулардан адамдар өмірден өтіп жатады. Сол үшін уақытында қаралып, медициналық тексерулерден өтіп тұру керек", - деді эндокринолог Айжамал Есіркепова.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер бетінде қант диабетімен ауыратын шамамен 500 миллионнан аса адам бар. Аурудың алдын алу үшін мамандар көбірек қозғалуға, дұрыс тамақтануға көңіл бөлген жөн дейді. Сондай-ақ жылына 2 рет скринингтен өтіп тұруға кеңес береді.
Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Мегаполисте респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар көбейді