Цифрлық жүйе рентгенография, флюорография, компьютерлік томографияда кеңінен іске аспақ
Науқастарға жасанды интеллект диагноз қояды. Жамбыл облысының дәрігерлері жаңа жүйені онкологиялық ауруларды анықтау үшін қолданбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жамбыл облысындағы онкология орталығында маммографиялық скрининг нәтижесін қарайтын 5 қана дәрігер бар. Аймақта жылына 55 мыңға жуық әйел дәл осы тексерістен өтетінін ескерсек, бір маман 10 мыңнан аса адамға диагноз қоюы тиіс. Бұл рентгенологтар үшін ауқымды жұмыс. Мадина Файзин «күніне 100-ден аса адамға диагноз қоятын сәттер болады» дейді.
«100 пайыздың 20-30 пайызында ауру болуы мүмкін. Потологиясыз жағдайда жасанды интелект жақсы көмектеседі деп ойлаймын. Себебі ол автоматты түрде қорытынды жасайды. Сондықтан оны бір тексеріп шығамыз. Баяғыдағыдай әрқайсысын қарап, тексеріп, тереңдеу қажет емес деп ойлаймын», – деді рентгенолог Мадина Файзин.
Жаңадан қосылғалы отырған цифрлық жүйе алғаш болып дәл осы орталықта қолға алынбақ. Жоба әсіресе рентгенография, флюорография, компьютерлік томографияда кеңінен іске асады. Яғни адамның диагнозы дәрігерге бармай-ақ екі минутта дайын болады деген сөз. Жүйе қатерлі ісікті 1 мм-ден анықтап, 95 процентке дейін нақты шешім шығарады.
«Маман тапшылығын шешеді. Уақыт үнемдейді. Диагнозды дәл қоюға көмектеседі. Кейде дәрігерлердің көрмеген ақауларын жасанды интелект көреді да, дәрігерге диагноз қоюға үлкен көмегін тигізеді», – деді Көпбейінді онкология және хирургия орталығының бас дәрігері Жандос Сейдахметов
Айта кету керек, аймақта медицина саласы жыл санап цифрланып жатыр. Мәселен, биыл мамырда PACS жобасы іске қосылды. Бұл жүйе арқылы алыс аудандардағы науқастың диагнозын облыстық аурухана немесе республикалық емдеу орталықтарының дәрігерлері көре алады. Соның арқасында азамат денсаулығын нашарлатпай, тез арада қажетті ем алу мүмкіндігіне ие.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай,Тараздан
Оқи отырыңыз: Саркома: сирек кездесетін, бірақ қауіпті қатерлі ісік жайында не білесіз