Көркем композиция дәстүрлі қазақ мәдениеті мен цифрлық өнер элементтерін үйлестіре отырып, ұлттық мұрамыздың заманауи форматтағы көрінісін бейнелейді
Алматылықтар бүгін таңмен таласа тұрып, қаланың әр ауданында ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға қатысып жатыр. Соның бірі - NauryzFest жобасы. Бес күнге жалғасатын фестиваль аясында ұрпақтар сабақтастығы мен бірлікті бейнелейтін «Шаңырақ» арт-нысаны орнатылып, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған инсталляция да көпшіліктің назарына ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көркем композиция дәстүрлі қазақ мәдениеті мен цифрлық өнер элементтерін үйлестіре отырып, ұлттық мұрамыздың заманауи форматтағы көрінісін бейнелейді. Бұдан бөлек, тағы бірнеше ерекше жоба жасалған.
Іс шараға келген жұрттың қарасы қалың. Көңіл күй керемет! Ән айтылып, би биленіп жатыр. Сондай-ақ келген қонақтар мұнда жарқын арт нысандардармен қатар, ерекше безендірілген киіз үйлерді тамашалай алады. Соның бірегейі –«Алматыға саяхат» деп аталатын киіз үй. Ерекшелігі кез келген адам ішіне кіріп, әсем шаһар Алматының көрікті жерлеріне виртуалды сапар жасауға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар «Рухани мұра» мен «Инновациялық киіз үй» тігілген. Алғашқысында Абай, Жамбыл, Дина секілді қазақ өнерінің алыптары қолданған музыкалық аспаптардың көшірмелері қойылса, трансформер киіз үй бар болғаны 20 минутта құрылады. Іс-шара аясында ұлттық ойындар, алтыбақан тебу, қолөнершілер жәрмеңкесі, этно-музыкалық қойылымдар, театрландырылған көріністер мен түрлі интерактивті сайыстар өткізу жоспарланған.
«Тек ғана жақсылық болсын! Наурызбен құтықтаймын! Концерт өте тамаша! Күнде жақсы!» – деді қала тұрғыны.
«Мен малайзиялықпын. Алматыға алғаш келуім. Мұнда өте тамаша! Наурыз мейрамы туралы естіп жатырмын. Көңіл күй керемет! Адамдар өте мейірімді. Маған қатты ұнап жатыр», – деді турист.
«Қазақ еліне тек ғана жақсылық тілеймін! Тек қуаныш бола берсін!», – деді қала тұрғыны.
Төл мереке әр ауданда ерекше тойланып жатыр. Соның бірі – Әуезов ауданындағы «Қош келдің, Әз-Наурыз» думаны. Саябақта өтіп жатқан іс-шарада сегіз қанатты ақ үйлер тігіліп, ұлттық спорттан түрлі сайыс ұйымдастырылып жатыр.
«Біздің аудан тұрғындарын, қала тұрғындарын наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің бірлігі мен ынтымағы шаңырақ көтерген уықтай болсын!», – деді Әуезов ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мақпал Қыдырғожаева.
«Ақ мол болсын! Барша тұрғындардың, барша қазақстандықтардың шаңырағында тек той болсын! Қуаныш болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын!», – деді дәстүрлі әнші Дәулет Стамғазиев.
Наурыз – жаңару мен бірліктің мерекесі. Шаһарда алдағы күндері де мерекелік іс-шаралар мен концерттік бағдарламалар өтеді.
Олжас Омарбек, Рашиддин Якупов, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Ұлттық спорт: Сыр өңірінде 200-ге жуық шабандоз кәсіби мамандардан тәлім алуда