Наурызнама: Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған отбасылық эстафета өтті

Қатысушылар «Тепе-теңдік», «Допты меңгеру», «Олимпиадалық шеңбер», «Пирамида құрастыру» секілді кезеңдерден өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Наурызнаманың онкүндігі аясында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған отбасылық эстафета өтті. Жарысқа олардың ата-аналары да қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жарыс алаңында балалар кедергілерге қарамастан, ойынның қызығына кіріп, бар ынта-жігерін көрсетті. Қатысушылар «Тепе-теңдік», «Допты меңгеру», «Олимпиадалық шеңбер», «Пирамида құрастыру» секілді кезеңдерден өтті. Қала тұрғыны Ақмарал Әшірбекова 5 жастағы Аделинамен бірге тамаша ойын көрсетті. Ол немересінің елмен қатар маңызды іс-шараға ерекше талпыныспен қатысқанына дән риза.

«Балаларымыздың эмоциясын көрдік, олардың мүмкіндігі барын білдік.  Негізі спорттық шараға бірінші рет қатысып тұрмыз. Баламызбен бірге қосылып, бірге жүгіріп жүрміз», – деді қала тұрғыны Ақмарал Әшірбекова.

Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, инклюзивті спорт түрін дамыту.

Айта кетейік, эстафетада төрт команда жеңіс үшін таласқа түсті. Әр топ бес бала мен бес ата-анадан құрылды. Байқауға барлығы қырық адам қатысты.

«Спорттың ерекше қажеттілігі бар балалар үшін маңызы зор. Алматы қаласының Спорт басқармасы жобаны сынақ ретінде енгізді. Алдағы уақытта оны дамытып, балаларды жарыстарға тұрақты түрде қатыстыруды көздеп отырмыз. Қатысушылар жылдам, олардың қабілеті  ойлағаннан да жоғары. Балалар осы қарқында шыныға берсе, келешекте зор мүмкіндіктерге ие болатынына сенімдімін», – деді № 8 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жетекшісі Светлана Рогозова.

Сайыс соңында жеңімпаз топтар анықталып, бәрі арнайы кубокпен марапатталды. Бұдан бөлек, балаларға жүлделі сыйлық ретінде доптар табысталды. Өзара бәсекеге түсіп, жеңістің дәмін сезген жеткіншектердің қуанышында шек болмады.

Айта кетейік, инклюзивті спорттық жарыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Айдана Шалқар, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Астанада 18 мың бала бір мезетте асық ойнады

 

Новости партнеров