Наурызнама: қолөнер шеберлері заманауи үлгідегі ұлттық киімдерге сұраныс артқанын айтты

Шеберлердің айтуынша, әрбір бұйым – жай ғана киім емес, ол – тарих пен тағылымның сабақтастығы

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың ұлттық киімі – халқымыздың тарихы мен мәдениетін айшықтайды. Табиғи материалдардан тігілген төл киім үлгілері өзіне тән қарапайымдылығымен, ыңғайлы әрі эстетикалық нақышымен ерекшеленеді. Бүгінде ұлттық киім заманауи сәнмен үйлесім тауып, жаңаша сипатқа ие болды. Бұл үрдіс дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мерекеге орай Сәтбаев қаласындағы қолөнер шеберлерінің еңбегімен танысып, ұлттық киімнің бүгінгі тынысына көз жүгірттік. Шеберлердің айтуынша, әрбір бұйым – жай ғана киім емес, ол – тарих пен тағылымның сабақтастығы. Қолмен кестеленген ою-өрнек, табиғи маталар мен нәзік нақыштар халқымыздың бай мәдениетін паш етеді. Бірнеше жылдан бері қолөнерді кәсіпке айналдырған Бақытгүл Балғабаева жастар арасында заманауи үлгідегі ұлттық киімдерге, этностильге сұраныс артып келе жатқанын айтты.

«Бір кездері иығын, ішін ашып жүрсе қазір, белдемше, иықты жабатын жаға сәнге айналып жатыр. Мен көп мән беретін бір жағдай – салынатын оюлар. Оюлардың өзінің ерекшелігі бар», – деді қолөнер шебері Бақытгүл Балғабаева.

 Алтынай Байбатырова бала кезінен құрақ құрауға қызығып, қолөнерді меңгерген. Уақыт өте шебер болып алған кейіпкеріміздің өз қолымен тіккен кимешек, тақия сияқты ұлттық бас киімдеріне тапсырыс көбейіпті. 

«Болашақ жастар, жеткіншектер ұлттық киімнің қасиетін білсін деп дәріптеп жатырмыз. Ол – атам заманнан келе жатқан дәстүрлі киімдер. Ұазағымыз дамып, көркейе берейік! Наурыз мейрамы құтты болсын!» – деді қолөнер шебері Алтынай Байбатырова.

 Бүгінде ұлттық киім тек мерекелік сән емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келеді. Арайлым Қасымова есімді қала тұрғыны этно үлгідегі киімді күнделікті киюді әдетке айналдырған. Айтуынша, ұлттық нақыш адамға ерекше рух, сенімділік береді.

«Ұлттық киімдерді күнделікті киіп жүрмесек, біртіндеп ұмытыла бастайды. Сондықтан элементтерді қосу арқылы жастарға үлгі береміз деп ойлаймын», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Арайлым Қасымова

 Қазақтың ұлттық киіміндегі ою-өрнектің мәні бар. Бұралған сызықтар өмірдің үздіксіздігін, гүлді мотивтер – табиғатқа сүйіспеншілікті бейнелейді. Бұл киім – тек сән емес, халқымыздың тарихы мен дәстүрінің айнасы. Қолмен кестеленген әр өрнек – рухани мұрамыздың көрінісі. Бүгінгі таңда жастар да ұлттық киімге қызығушылық танытып, ою-өрнектерді заманауи стильмен үйлестіріп киіп жүр.

Оқи отырыңыз: Алматыда Ұлттық киім күніне орай сән көрсетілімдері өтті

Новости партнеров