Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні – Жаңару күні

19.03.2026 09:41

Наурызда табиғат түлеп, тіршілік қайта жанданады

Аlmaty.tv

Жалпыұлттық Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні, яғни 19 наурыз – елімізде «Жаңару күні». Атаулы күн жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Наурызда табиғат түлеп, тіршілік қайта жанданады. Ел ішінде де игі істер мен жаңа бастамалар көбейіп, жұртшылықты ізгілік пен бірлікке жетелейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл күні республикалық мәдениет ұйымдары бірқатар іс-шаралар ұйымдастырады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде дәстүр мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты мәдени-танымдық іс-шара өтеді.

Мәдениеттерді жақындастыру орталығында тазалық пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мақсатында «Жаңаруды – тазалықтан бастайық» атты сенбілік жоспарланып отыр.

Ұлттық музейде «Наурыз — жаңару мен бірліктің мерекесі» атты мәдени бағдарлама ұсынылады. Ал Республикалық академиялық неміс драма театры саябақта көктемгі жаңару мен жастар тақырыбына арналған бағдарлама ұйымдастырмақ.

Мерекелік іс-шаралар ел өңірлерінде де жалғасады. Әр аймақта экологиялық акциялар, сенбіліктер, ағаш отырғызу, мәдени-ағартушылық бағдарламалар өткізіледі.

Қарағанды облысында экологиялық бастамалар мен жастар акциялары өтсе, Ақмола облысында аумақтар абаттандырылады.

Ақтөбе облысында тақырыптық бағдарламалар мен қоғамдық іс-шаралар жоспарланған, ал Маңғыстау облысында жастар мен волонтерлердің қатысуымен түрлі жобалар жүзеге асады.

Наурызнама аясындағы «Жаңару күні» – игі бастамалар мен ізгі істер арқылы жаңару, жауапкершілік пен қоғамға қызмет ету құндылықтарын насихаттайтын ерекше күн.

Бұл күні болатын іс-шаралар жұртшылықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, жасампаздыққа үндейді.

Оқи отырыңыз: 19 наурызда Астана мен Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр