Наурызнама онкүндігінің екінші күні: 15 наурыз – Қайырымдылық күні

15.03.2026 10:18

Бұл күні республикалық мәдениет ұйымдары түрлі қайырымдылық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырады

Аlmaty.tv

15 наурызда Қазақстанда жалпыұлттық Наурызнама онкүндігінің екінші күні – Қайырымдылық күні атап өтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл күн мейірім мен жанашырлықты, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді және қоғамда игі істер мәдениетін нығайтуды дәріптеуге арналады. Мереке Наурыздың шаттыққа толы рухы адамдарға нақты қамқорлық көрсетумен, аға буынға құрмет білдірумен және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау жасаумен жалғасуы тиіс деген идеяға негізделген.

Бұл күні республикалық мәдениет ұйымдары түрлі қайырымдылық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Наурызым мерекем – Наурызым берекем!» атты қайырымдылық акциясы өтеді. Сонымен қатар Ұлттық музей Астана қаласында «Жүректен жүрекке» акциясын өткізеді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің зейнеткерлері мен Көпбалалы аналар қоғамының өкілдері үшін Жорж Бизенің «Інжу іздеушілер» операсын тегін тамашалау ұйымдастырылады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қайырымдылық бастамалар мен мерекелік іс-шаралар елордада, Алматы қаласында және өңірлерде де жалғасады.

Астана қаласында «Он игі іс» акциясы өтеді. Оның аясында елордалық кәсіпкерлер қала тұрғындарына арналған түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырады.

Ақмола облысында «Жақсылық жасауға асығайық!» және «Жүректен жүрекке» атты акциялар өткізіліп, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға көмек көрсетіледі.

Атырау облысында жалғызбасты азаматтарды, көпбалалы отбасыларды және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдауға бағытталған «Игі істер марафоны» мен «Жүректен жүрекке» қайырымдылық бастамалары ұйымдастырылады.

Осылайша, Қайырымдылық күні Наурызнама онкүндігінің мазмұнын тереңдете түсетін маңызды күндердің бірі. Бұл күні бірлік, адамгершілік пен ынтымақ идеялары нақты игі істер арқылы көрініс тауып, адамдарға жанашырлық таныту, қолдау көрсету және қоғамдағы қамқорлық мәдениетін нығайту басты құндылыққа айналады.

Оқи отырыңыз: Амал мерекесі – Наурызнама онкүндігінің алғашқы күні